Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, әйгілі футболшылардың бейнесіне енген екі дос та футбол мен танымал спортшылардың жанкүйері.
Олар сайлауға келетін сәтін есте қаларлықтай етіп қана қоймай, әлемдегі ең танымал спорт түрлерінің бірі – футболға да назар аударуды жөн көрген.
"Сайлау учаскесіне кіріп, өз таңдауын жасамас бұрын "Месси" мен "Роналду" мектептің алдында шағын футбол жаттығуын өткізді. Доппен бірнеше жаттығу жасап, бой сергітіп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Олардың сайлау күні осылай басталды", – делінген хабарламада.
Достардың айтуынша, олар осындай ерекше образ арқылы қоғамдық өмірге белсенді араласуды сүйікті іспен ұштастыруға болатынын көрсеткісі келген. Сондай-ақ Құрылтай сайлауын азаматтық белсенділік танытып, бұл күнге көтеріңкі көңіл күй сыйлаудың бір мүмкіндігі деп санайды.
Ерекше қонақтар бірден басқа сайлаушылардың назарын аударып, учаске маңында көңілді атмосфера қалыптастырды. "Месси" мен "Роналду" тұрғындармен суретке түсіп, олардың келуі Алматыдағы сайлау күнінің ерекше әрі креативті сәттерінің біріне айналды.
Айта кетейік, бұған дейін Астанадағы сайлау учаскелерінің бірінде де ерекше көрініс болған еді. Үй халатын киген бойжеткен дауыс беруге адамға ұқсас роботпен бірге келген.