Тоқаев: Ядролық қарудың орнын жасанды интеллект құралдары алмастыруы мүмкін

Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясында әлемдегі геосаяси ахуал мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Президенттің айтуынша, әлемдегі оқиғалар жүйесіз әрі бейберекет сипатқа ие болып, алда не боларын болжау қиындай түсті.

"Әлемдегі оқиғалар тасыған селдей жүйесіз, бейберекет сипатқа ие, алдымызда не боларын болжаудың өзі қиын. Бұл катаклизмдерден елдер мен халықтардың ешбірі тыс қалған жоқ", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттер, әсіресе ірі елдер арасындағы сенімге селкеу түскенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл жағдай Біріккен Ұлттар Ұйымы мен оның институттарының қызметіне кері әсер етіп отыр.

"БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жаһандағы және аймақтардағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау миссиясын атқара алмай отыр", – деді Президент.

Мемлекет басшысы қазіргі аласапыран кезеңде өңірлік халықаралық ұйымдардың алға шығып, олардың рөлі айтарлықтай артқанын айтты. Сондай-ақ әлемдік аренада "орта державалар" деп аталатын мемлекеттер бой көрсете бастағанына назар аударды.

"Қазақстан да аталған санатқа кіреді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің қарыштап дамуын тұрлаусыз әлемде белең алған жаңа үдерістердің бірі ретінде атады. Оның айтуынша, бұл үдерістің түптің түбінде қайда апаратыны әзірге белгісіз, ал қазіргі нәтижелердің өзі екіұдай пікір тудырады.


"Кейде мұны осы технологияны ойлап табатындар да түсіне бермейді. Мәселен, таяу келешекте ядролық қарудың орнын жасанды интеллект құралдары алмастыруы мүмкін деген болжам айтылды", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұның бәрі әлемдегі дамудың заңдылық пен қисыннан алшақтап бара жатқанын көрсететінін айтып, оның зардабын келешек ұрпақ тартуы мүмкін екенін ескертті.

Қазақстан
Астана
Тоқаев Касым-Жомарт

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерін көтермелеу қағидаларына өзгеріс енгізбек

Бублик Медведевпен Almaty Open финалына берілетін жолдаманы сарапқа салады

Ақордада "Астана-Көгалдандыру құрылысы" мекемесінің қызметкері Дидар Телжанұлына "Құрмет" ордені табысталды

Тоқаев Дженсен Хуангты қабылдады

Қазақстанда күн −18°С-қа дейін суытады