Ұйымдастырушылардың мәліметінше, өтінімдерді қабылдау қорытындысы бойынша Astana AI Film Festival әлемдегі ең ірі AI-фильмдер халықаралық байқауына айналған.
"Бірнеше ай бұрын ғана халықаралық байқауды іске қосуды бастаған едік, ал бүгінде 125 елден 8 мыңнан астам жұмыс келіп түсті. Оның үстіне бұл жай ғана жекелеген AI эксперименттері емес. Біз толыққанды фильмдерді, күрделі оқиғаларды, кейіпкерлер мен тұтас әлемдерді көріп отырмыз. Өтінімдердің ауқымы Astana AI Film Festival-ді әлемдегі ең ірі AI-кино байқауы деп айтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ фестиваль Қазақстанда авторлардың жаңа халықаралық қауымдастығын қалыптастырды", – деді AAIFF тең құрылтайшысы әрі директорлар кеңесінің төрағасы Алмас Жәли.
Оның айтуынша, ең көп өтінім АҚШ-тан түскен – 1 395 жұмыс. Қазақстандық авторлар 829 жұмыс ұсынған. Үндістаннан – 702, Қытайдан – 550, Оңтүстік Кореядан – 349 өтінім түскен. Ең белсенді елдердің ондығына Ұлыбритания, Индонезия, Жапония, Бразилия және Франция да кірді.
"Барлық жұмыс бір-бірінен мүлде өзгеше. Біреулер дәстүрлі киноны қайталауға тырысады, ал енді біреулер формамен соншалықты эксперимент жасайды, нәтижесінде туынды үйреншікті кинематографияға мүлде ұқсамайды. Бұл өте қызықты. Қазір қандай да бір нақты трендтер туралы айту қиын деп ойлаймын, өйткені бұл форманың өзі енді ғана қалыптасып келеді. Барлығы күн сайын өзгеріп жатыр. Фестиваль жаңа ойын-сауық, яғни энтертейнмент формасын қалыптастыруға көмектеседі деп үміттенемін", – деді AAIFF тең құрылтайшысы әрі креативті директоры Айзатулла Хуссейн.
Ол жұмыстардың тақырыптық ерекшеліктеріне де тоқталды. Оның айтуынша, Оңтүстік Кореядан келген авторлар нуар эстетикасына, триллерлер мен хоррорларға жиі жүгінеді. Қытайдан анимациялық жұмыстар көбірек түседі. Ал қазақстандық қатысушылар ұлттық мотивтерді болашақ бейнесімен жиі үйлестіреді. Мысалы, футуристік киіз үйлер мен даладағы роботтар сияқты образдар кездеседі.
Кейбір жобалар ауқымы жағынан қысқа AI-роликтер шеңберінен әлдеқайда асып кеткен. Мәселен, қатысушылардың бірі өз фильмінде бірден бес дербес әлем жасаған.
Сурет: Zakon.kz
Барлық ұсынылған жұмыстардың жалпы хронометражы 100 мың минуттан асты. Ең ұзақ фильмнің ұзақтығы – 4 сағат 3 минут, ал ең қысқасы – небәрі 15 секунд.
8 067 өтінімнің ішінде 3 138 жұмыс фестивальдің "The Future Worth Living In" ("Өмір сүруге тұрарлық болашақ") тақырыбына арнайы жасалған. Қалған 4 929 фильм ашық бағдарламаға тақырыптық шектеусіз ұсынылған.
Сонымен қатар Алмас Жәли байқауға жаңадан бастаған авторлармен қатар халықаралық AI қауымдастығына танымал қатысушылардың да қосылғанын айтты. Олардың қатарында генеративті видео және визуалды сторителлингпен айналысатын The DOR Brothers, Gossip Goblin жобасын жасаушы Zack London және жұмыстары халықаралық кинофестивальдерде жоғары бағаланған Robert Gaudette бар.
Сурет: Zakon.kz
Айта кетейік, AAIFF-тің жалпы жүлде және инвестициялық капиталы 2 млн долларға жетті. Бұл – AI-фильмдер байқаулары арасында әлемдегі ең ірі қор.
1 млн долларлық жүлде қорының:
- 750 мың доллары негізгі тақырыптық бағдарламаға; 250 мың доллары ашық секция жеңімпаздарына беріледі.
- Ашық бағдарламада бес номинация қарастырылған:
- "Үздік кейіпкер"; "Үздік режиссура"; "Үздік визуалды тіл"; "Үздік оқиға"; "Үздік концепция".
Тағы 1 млн доллар перспективалы AI-командаларға арналған жеке инвестициялық капитал ретінде бөлінді. Қаражатты технологиялық кәсіпкер және инвестор, бұған дейін Coinbase компаниясының техникалық директоры қызметін атқарған әрі Andreessen Horowitz (a16z) венчурлік қорының серіктесі болған Баладжи Сринивасан ұсынды.
"Біз мықты жобалардың фестивальден кейін де жалғасын тапқанын қалаймыз. Сондықтан жүлде қорынан бөлек жеке инвестициялық капитал қарастырылды. Ол авторларға өндірісті жалғастыруға, жобаларды ауқымдауға және оларды Қазақстаннан әрі қарай дамытуға мүмкіндік береді. Ол үшін іріктелген командалар Astana Hub қатысушысы бола алады", – деп түсіндірді AAIFF тең құрылтайшысы әрі креативті директоры Айзатулла Хуссейн.
Сурет: Zakon.kz
Қазылар алқасының құрамына кино, жасанды интеллект, технология және инвестиция салаларының мамандары кірді. Олардың арасында ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры әрі Францияның бұрынғы мәдениет министрі Одри Азуле, China Film Group жанындағы Жасанды интеллект зерттеулері институтының деканы Ма Пин, Бейжің киноакадемиясы анимация факультеті деканының орынбасары Ван Хао, инвестор Баладжи Сринивасан және BytePlus өкілі бар.
Ұйымдастырушылар жеңімпаздарды анықтау кезінде тек AI технологияларының қолданылуын ғана емес, фильмнің сюжеті, режиссурасы, кейіпкерлері мен визуалды тілін де бағалайтынын атап өтті.
AAIFF-тің технологиялық серіктесі – ByteDance компаниясының корпоративтік технологиялық платформасы BytePlus. 25 финалист әрі қарай жобаларымен жұмыс істеу үшін DRAMAGIC платформасына 60 мың кредит көлемінде бір жылдық қолжетімділік алады.
Фестивальдің бас серіктесі – Freedom Holding Corp.
Astana AI Film Festival-дің финалдық кезеңі 1-3 қазан аралығында Астанада Digital Bridge аясында өтеді. Байқауға қатысқан AI-фильмдер Chaplin кинотеатрларының үлкен экрандарында көрермендерге ұсынылады.
Жеңімпаздардың есімдері 3 қазанда белгілі болады.