Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген балаларға Мәскеу мен Минскінің жетекші хирургтері ота жасады

Фото: pexels
Атырау облысында балаларға медициналық көмек көрсету мен қазақстандық дәрігерлерді оқытуды ұштастырған ауқымды Mumkindik жобасы аяқталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

31 тамыз бен 11 қыркүйек аралығында Мәскеу мен Минскіден келген жетекші мамандар ауыр хирургиялық және ортопедиялық патологиялары бар науқастарға кеңес беріп, ота жасады. Қазақстанның әр өңірінен келген 32 бала медициналық көмек алды.

Жоба BI Group компаниясының "BI-Жұлдызай" корпоративтік қоры мен Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен жүзеге асырылды. Балаларға арналған барлық консультация, тексеру және ота тегін жүргізілді.

Жобаның алғашқы кезеңі балалар колопроктологиясына арналды. Ота жасап, шеберлік сабақтарын өткізу үшін Атырауға медицина ғылымдарының докторы, профессор, мәскеулік балалар хирургі Игорь Киргизов келді. Ол – осы саладағы әлемнің жетекші мамандарының бірі.

Оның жетекшілігімен 21 балаға хирургиялық көмек көрсетілді. Емделу үшін Атырауға облыс тұрғындарымен қатар Астана, Шымкент қалаларынан, Жамбыл, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарынан балалар келді.


"Қызыма диагноз қойылғанға дейін онымен бірге бірнеше рет жұқпалы аурулар бөлімінде емделдік. Кейін бізді хирургия бөліміне жіберді. Жағдайымыз күрделі болғандықтан, бізді қабылдай алмай қала ма деп қатты алаңдадым. Бақытымызға қарай, профессор ота жасап, бәрі сәтті өтті. Қазірдің өзінде оң нәтижесін көріп отырмыз. Осындай жоғары деңгейдегі маманның көмегін алуға мүмкіндік берген қор мен BI Group компаниясына шын жүректен алғыс айтамыз", – деді қыздың анасы.

Сонымен қатар Игорь Киргизов 33 балаға консультация беріп, олардың отбасыларына алдағы емдеу және оңалту шаралары бойынша ұсынымдар берді.

Жасалған оталар қазақстандық мамандар үшін тәжірибелік оқыту алаңына айналды. Шеберлік сабақтарына Семей қаласы мен Атырау облысының аудандарынан келген балалар хирургтері қатысты. Сондай-ақ учаскелік педиатрлар мен қалалық емханалардың дәрігерлеріне бірқатар дәріс өткізілді.

7-11 қыркүйек аралығында жобаны Минск қаласындағы Республикалық травматология және ортопедия ғылыми-практикалық орталығының балалар травматологиясы және ортопедиясы бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Юрий Лихачевский жалғастырды.

Оның жетекшілігімен Атырау облыстық балалар ауруханасында ауыр ортопедиялық патологиялары бар балалар тексеруден өтіп, консультация және жоспарлы хирургиялық ем алды. Мамандар 11 ота жасап, жергілікті травматолог-ортопедтермен тәжірибе бөлісті.

Mumkindik жобасының басты міндеті – жоғары мамандандырылған медициналық көмекті өңір тұрғындарына қолжетімді ету. Соның арқасында балалар мен олардың отбасыларына шетелге немесе республикалық медициналық орталықтарға барудың қажеті болмады. Ал Атырау облысының дәрігерлері өз ауруханасының базасында диагностика мен емдеудің озық әдістерін меңгеруге мүмкіндік алды.

Қазір BI Group жобаны өңірде одан әрі дамыту мүмкіндігін қарастырып жатыр. Атырау облысының әкімдігімен бірлесіп, заманауи емдеу әдістерін енгізу және шетелдік медицина мамандарымен ынтымақтастықты жалғастыру жоспарланған.

Атыраудағы жоба қордың елімізде жоғары технологиялық медициналық көмекті дамытуға бағытталған жүйелі жұмысының бір бөлігі саналады. 2026 жылдың басынан бері "BI-Жұлдызай" шетелдік мамандардың 10 сапарын ұйымдастырды. Олар Астана, Шымкент, Тараз, Ақтау және Атырау қалаларында балаларға 146 күрделі ота жасады.

Ресей
Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

"Үздік педагог" атағын беру тәртібі: не өзгерді

Селин Дион ауыр дерттен кейін сахнаға оралды

Желідегі видео: жолда көліктерімен ойына келгенін істеген топ жас полицияға жеткізілді

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енеді

Президент 2026 жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қатысушыларын марапаттады