Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Оңтүстік Корея қарым-қатынасындағы жаңа міндеттерді атады
Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы қазіргі уақытта қазақ-корей қарым-қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
"Стратегиялық серіктестігіміз аясында өзара тиімді негізде көптеген маңызды бастама жүзеге асырылып жатыр. Сіздің еліңіз Қазақстанның жетекші сауда және инвестициялық серіктестерінің алғашқы ондығына кіреді. Елімізде корей капиталының қатысуымен құрылған мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Дегенмен алдымызда әлі де көптеген жауапты міндет тұр. Сондықтан біртұтас команда ретінде күш-жігерімізді біріктіріп, белгіленген жоспарлардың барлығын табысты жүзеге асыратынымызға сенімдімін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанда қолайлы іскерлік және инвестициялық ахуал қалыптасқанын айтты.
"Ірі кореялық корпорациялармен қатар шағын және орта кәсіпорындардың да бизнес жүргізуіне қолайлы жағдай жасалған. Қазақстан мен Корея үкіметтері осы бағытта қажетті шаралар қабылдап жатыр. Атап айтқанда, Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес тиімді жұмыс істейді. Бұдан бөлек, қажетті құқықтық база қалыптастырылды", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Хан Сон Сукке Қазақстан мен Корея іскер топтары өкілдерінің дөңгелек үстеліне қатысқаны үшін алғыс айтты.
Сонымен қатар Президент іс-шара аясында қол қойылған келісімдер екіжақты байланыстардың аясын кеңейтуге ықпал ететініне сенім білдірді.
Мемлекет басшысы алда Корея Президенті Ли Чжэ Мёнмен өтетін келіссөздердің ерекше маңызға ие екеніне назар аударды. Оның айтуынша, бұл кездесу қазақ-корей қарым-қатынасы тарихындағы жаңа кезеңге жол ашуға тиіс.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел үкіметтерінің алдағы өзара іс-қимылының басым бағыттарын атады.
"Күн тәртібінде екіжақты тауар айналымын екі есе арттыру міндеті тұр. Ол үшін сауда көлемін ұлғайтып қана қоймай, оның құрылымын сапалы түрде өзгерту, қосылған құны жоғары тауарлар түрін көбейту маңызды. Сондықтан Қазақстан мен Кореяның 2027-2030 жылдарға арналған сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының кешенді бағдарламасын әзірлеу өте өзекті деп санаймын. Сондай-ақ оған өндірісті жергіліктендіру мен өнімді үшінші елдердің нарығына экспорттауға бағытталған ең перспективалы жобаларды енгізіп, өнеркәсіптік кооперацияның жеке жол картасын дайындау маңызды", – деді Президент.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қазақстанның Кореямен серіктестікті жан-жақты нығайту бағытын берік ұстанатынын тағы да растады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мённың шақыруымен 2026 жылғы 14 қыркүйекке қараған түні мемлекеттік сапармен Сеулге барды. Кейін Мемлекет басшысы Кореяның бірқатар көрнекті қайраткерін II дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады.
15 қыркүйекте Президент Hanwha Group компаниясының вице-төрағасы Ким Дон Вонды қабылдады. Сондай-ақ Lotte компаниясының Алматы мен Alatau City қалаларында қонақүйлер салатыны белгілі болды.