"Алматы қаласының Медеу ауданында, Әл-Фараби даңғылының оңтүстігінде, Назарбаев даңғылының батысында орналасқан 21 жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті жалпыға ортақ пайдаланылатын нысан үшін мемлекеттік мұқтаждыққа алып қоюға байланысты мәжбүрлеп иеліктен шығару басталсын", – делінген құжатта.
Қаулыға сәйкес, жер телімдері саябақ салу үшін алынады. Олар Панфилов, 11-ші Кірпіш зауыты, 8-ші Гвардиялық дивизия көшелерінде және Назарбаев даңғылында орналасқан.
Мәжбүрлеп иеліктен шығару мерзімі 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгіленді.
Осыған байланысты "Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесіне:
- жер телімдерінің меншік иелеріне заңнамада белгіленген тәртіппен өтемақы төлеуді қамтамасыз ету;
- жер телімдерін мемлекеттік мұқтаждық үшін алып қоюға байланысты оларды немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару іс-шаралары аяқталғаннан кейін жер телімдерін "Алматы қаласы Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгеріміне беру тапсырылды.
Сондай-ақ мына аумақтардағы жер телімдерін алып қоюды көздейтін қаулыларға қол қойылды:
- Рысқұлов даңғылынан Бұқтырма көшесіне дейінгі аралықта – Құлжа күре жолын қайта жаңарту үшін;
- Тастақ-2 шағынауданында – жалпыға ортақ пайдаланылатын нысан үшін;
- Құлжа күре жолының бойында – "Шығыс қақпасы" су құбыры сорғы станциясын салу үшін.
Бұған дейін Алматы әкімдігі қала мұқтажы үшін 40-тан астам жер телімін алып қоятынын хабарлаған едік.