Қазақстандағы 2,6 мыңға жуық ауыл мектебіне жасанды интеллект енгізіледі

Сурет: primeminister.kz
2028 жылғы шілдеге дейін Қазақстандағы 2,6 мыңға жуық шағын жинақты ауыл мектебі жасанды интеллектіні енгізу жобасымен қамтылады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Пилоттық жоба биыл 1 қыркүйекте іске қосылды. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім алушылардың жасанды интеллект саласындағы құзыреттерін мектеп қабырғасынан бастап дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

Қазіргі уақытта жоба Павлодар және Қызылорда облыстарындағы алғашқы 10 мектепті қамтиды. Оның аясында төртінші сыныпта оқитын 50-ден астам балаға математика, цифрлық сауаттылық, қазақ және орыс тілдері пәндері бойынша сабақ ұйымдастырылған.

Бұл бастама 2026-2029 жылдарға арналған орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі кешенді жоспардың бір бөлігі саналады.

Жуырда Қытайдың Үрімші қаласында қазақстандық Q.AI компаниясы мен халықаралық 01.AI компаниясы жобаны кезең-кезеңімен кеңейту туралы келісімге қол қойды. 01.AI компаниясының негізін жасанды интеллект саласындағы халықаралық сарапшы, Қазақстан Президенті жанындағы Жасанды интеллект жөніндегі кеңестің мүшесі Ли Кай-Фу қалаған.

Жоба мынадай кезеңдермен кеңейтіледі:

Оқу үдерісі қашықтан оқыту технологиялары қолданылатын гибридті модель негізінде ұйымдастырылған. Педагогтер "Өрлеу" ұлттық біліктілікті арттыру орталығының арнайы жабдықталған студиясынан онлайн сабақ береді.

Бұл уақытта ауыл мектептеріндегі мұғалімдер балаларға материалды меңгеруге көмектеседі. Ал оқушылардың белсенділігі мен сабаққа қатысуы интерактивті кликерлер және цифрлық құралдар арқылы бақыланады.

Сонымен қатар педагогтерді, мектеп басшыларын және аудандық білім бөлімдерінің мамандарын даярлау жалғасады.

Жасанды интеллект платформасының технологиялық базасы "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ инфрақұрылымында орналастырылған. Ол отандық суперкомпьютерлік кластердің есептеу қуатын пайдаланады.

Q.AI компаниясының бас директоры Дмитрий Мунның айтуынша, жоба қала мен ауыл оқушыларының білім сапасы арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған.

"Қазақстанда ауылдық жерлерде шамамен 2,6 мың шағын жинақты мектеп бар. Оларда әр сыныпта 5-6 оқушыдан білім алады. Әр пән бойынша білікті педагогтерді тартуға барлық жерде мүмкіндік бола бермейді. Біздің жоба – осы міндетті шешуге бағытталған практикалық қадамдардың бірі. Астананың білікті мұғалімдері ауыл мектептеріне онлайн форматта тікелей сабақ өткізеді", – деді ол.

Оның айтуынша, сыныптағы мұғалім балалармен бірге болады, ал жасанды интеллект оқушылардың жауаптарын талдап, біліміндегі олқылықтар мен әлсіз тұстарды анықтауға және кімге қосымша көмек қажет екенін белгілеуге көмектеседі.

"Біз дербестендірілген білім беру моделіне көшіп жатырмыз. Бұл ретте жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды, керісінше оның мүмкіндігін арттырып, жұмысын тиімді етеді", – деді Дмитрий Мун.

Қашықтан оқыту мен жасанды интеллектіні ұштастыру ауыл оқушыларының заманауи білім беру ресурстарына қолжетімділігін кеңейтіп, тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білім алуға тең мүмкіндік беруге тиіс. Сондай-ақ жоба мұғалімдер мен оқушылардың цифрлық құзыреттерін дамытуға ықпал етеді.

Қазақстан
Астана

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Селин Дион ауыр дерттен кейін сахнаға оралды

"Үздік педагог" атағын беру тәртібі: не өзгерді

Желідегі видео: жолда көліктерімен ойына келгенін істеген топ жас полицияға жеткізілді

Алматыда жаңа саябақ салу үшін жер телімдері мемлекет меншігіне өтеді

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енеді