Ол Мемлекет басшысының "үлкен құрылысқа" бағыт алғанын, сондай-ақ Ұлттық қор қаражатын пайдалануға болатынын атап өткенін еске салды.
"Әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салу жөніндегі ауқымды бағдарламаны іске асыру міндеті қойылды. Осыған байланысты аса маңызды нысандар мен жалпыұлттық маңызы бар жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 2027 жылы 2 трлн теңге, ал 2028-2029 жылдары жыл сайын 1,5 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт бөлу көзделген", – деді ол.
Оның айтуынша, Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2027 жылы 65,2 млрд доллар деңгейінде болжанып отыр. 2029 жылға қарай бұл көрсеткіш 70,6 млрд долларға дейін ұлғаяды.
"Республикалық бюджет тапшылығы 2027 жылы жалпы ішкі өнімнің 2,3%-ы деңгейінде белгіленді. Бұл көрсеткіш 2028 жылы 1%-ға, ал 2029 жылы 0,4%-ға дейін кезең-кезеңімен төмендетіледі. Мұнайға қатысты емес тапшылық 2027 жылғы жалпы ішкі өнімнің 5,3%-ынан 2028 жылы 3,5%-ға, 2029 жылы 2,5%-ға дейін қысқарады. Республикалық бюджеттің шығыс бөлігінің параметрлері бюджеттік қағидалар ескеріле отырып айқындалды. 2027-2029 жылдары шығыстардың өсу қарқыны 109,2-109,4% деңгейінде тұрақтандырылды", – деді Азамат Әмрин.
Ол республикалық бюджет шығысы 2027 жылы 30,2 трлн теңге, 2028 жылы 29,4 трлн теңге, ал 2029 жылы 29,6 трлн теңге көлемінде жоспарланғанын атап өтті.
Бұған дейін 2027 жылы Қазақстан бюджетіне қанша қаражат түсіру жоспарланып отырғаны хабарланған.