Мемлекет басшысы Қазақстан өз азаматтарына қай жерде болса да көмек қолын созатынын еске салды. Оның айтуынша, бұл қағидаттар Конституцияда көрініс тапқан. Ата заңда адам өмірі мен қауіпсіздігін сақтау, оның құқықтарын қорғау ең жоғары құндылықтар ретінде қарастырылады.
Президент бейқамдық пен салғырттық кез келген қоғамның дамуын тежейтінін айтты.
"Дегенмен апатқа көбіне адамдардың өзі себеп болатынын мойындау керек. Егер әркім өзіне тапсырылған жұмысты тиянақты орындаса, апаттардың алдын алып, адамдардың өмірін сақтауға болар еді. Кейбіреулердің немқұрайдылығы мен салғырттығының салдары тым қымбатқа түседі. Қоғам қауіпсіздігі әр жанның ішкі тәртібіне байланысты қалыптасады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жинақылық, тәртіптілік пен жауапкершілік қасиеттерінің ежелден жоғары бағаланатынын атап өтті. Оның сөзінше, тиянақты, ұқыпты әрі жауапкершілігі жоғары азаматтар – өркениетті және қауіпсіз қоғамның арқауы.
"Біз озық ойлы ұлт боламыз десек, өскелең ұрпаққа заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, табиғатты аялау құндылықтарын аманат етуіміз керек. Бұл қасиеттер қоғамдағы жаңа этиканың айнымас өлшемі болуға тиіс", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев қиындыққа тап болған адамға көмектесу халқымыздың болмысына тән қасиет екенін айтты.
"Қиналған адамға көмек қолын созу – ұлтымыздың болмысына сіңген дағды. Мұны жауапкершілік пен жанашырлықтың озық үлгісін көрсетіп, бейбіт күнде ерен ерлік жасап жүрген азаматтарымыз нақты ісімен дәлелдеп жүр. Мемлекет осындай адамдарды ешқашан назардан тыс қалдырмайды, оларға лайықты құрмет көрсетеді", – деді Мемлекет басшысы.
Президент сала мамандарының өздеріне жүктелген міндетті адал атқарып, ел игілігі үшін қызмет етіп келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар ауылдық жерлерде өрт қауіпсіздігі инфрақұрылымын дамытуға үлес қосқан азаматтарға ризашылығын білдірді.
"Жұртымыз құтқарушылардың қажырлы еңбегіне қашанда орасан зор құрметпен қарайды, сіздерді жоғары бағалайды. Бүгін біздің ортамызда ауылдық жерлерде өрт қауіпсіздігі инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтар да отыр. Бұл шын мәнінде әлеуметтік жауапкершілігі жоғары және отаншыл адамдарға тән әрекет екені сөзсіз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.