Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) 2026 жылғы 19 қазандағы мәліметінше, бұған дейін "Альби-Ломбард" ЖШС микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар тізілімінен шығарылып, ломбард қызметімен айналысу құқығынан айырылған.
Алайда компания атауын "Альби-КМ" ЖШС деп өзгертіп, Алматы және Түркістан облыстарында зергерлік бұйымдарды кепілге алып, қарыз беруді жалғастырған.
"Ломбардтар желісі негізінен базарлар мен сауда үйлерінің маңында орналасқан. Клиенттерді тарту үшін кепілге қойылатын мүлікті жоғары бағалауға және қарыздың кредиттік тарихқа әсер етпейтініне уәде беретін жарнамалар қолданылған. Қарыз тәулігіне 2% мөлшерлемемен берілген. Бұл заңнамада белгіленген 0,3% шекті мөлшерлемеден алты еседен астам жоғары", – деп хабарлады ҚМА.
Қарыз шарттары бұрынғы "Альби-Ломбард" ЖШС-нің мөрлері басылған кепіл билеттері арқылы рәсімделген. Ал есеп айырысу қолма-қол ақшамен және күдіктінің бақылауындағы жеке кәсіпкерлердің банк шоттары арқылы жүргізілген.
Қылмыстық жолмен алынған табыс 146 млн теңгеден асқан.
"Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды", – делінген хабарламада.
Сот санкциясымен оның мүлкіне, соның ішінде 21 пәтеріне, 5 жер теліміне, 7 автокөлігіне, 7 гаражына, 2 дүкені мен қонақүйіне тыйым салынды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Сондай-ақ Қазақстанда жалған үлестік қатысу шарттары арқылы пәтерлерді заңсыз иемдену дерегі бойынша қылмыстық істі тергеу аяқталды. Тұрғын үй-құрылыс кооперативінің басшысы 1,5 мың үлескердің 10 млрд теңгесін жымқыруды ұйымдастырды деген күдікке ілінді.