Мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары берген заңды нұсқамаларды орындамау фактісі бойынша азамат И.-ге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі Жуалы аудандық соты қарады. Оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабы 3-бөлігі бойынша айып тағылған.
"Сот қаулысымен азамат И. ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 64 мың теңге көлемінде айыппұл салынды", – делінген Жамбыл облысы Жуалы аудандық сотының хабарламасында.
Сот анықтағандай, 2026 жылғы наурызда Жамбыл облысының тексеру комиссиясы Жуалы ауданындағы колледждің бюджет қаражатын жұмсауына тексеру жүргізген.
Тексеру нәтижесінде бірнеше заңбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, колледждің бірнеше қызметкеріне жалақы артық төленген. Сондай-ақ колледж ғимаратын күрделі жөндеу кезінде бюджет қаражатының артық жұмсалғаны белгілі болды.
Комиссия заңбұзушылықтарды қыркүйекке дейін жою туралы нұсқама берген. Алайда кемшіліктер толық түзетілмегендіктен, колледж директорына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.
Сот қаулысы заңды күшіне енгені хабарланды.