Германиядағы Тюбинген университетінің зерттеушілері қарғалардың көру арқылы алынған ақпаратты өте жылдам өңдеп, дұрыс шешім қабылдай алатынын анықтады. Зерттеу нәтижелері 2026 жылғы 25 қазанда Phys.org ғылыми порталында жарияланды.
Тәжірибеге екі қара қарға қатысты. Ғалымдар құстарға сенсорлық экран арқылы қара фонда қозғалып жатқан ақ нүктелерді көрсеткен. Қарғалар нүктелердің басым бөлігі қай бағытта – оңға немесе солға қарай қозғалып жатқанын анықтап, экрандағы тиісті белгіні тұмсығымен шоқу арқылы жауап беруі керек болған.
Зерттеу нәтижесінде қарғалардың шешім қабылдауға орта есеппен 235 миллисекунд жұмсайтыны анықталды. Соған қарамастан, олардың жауап беру дәлдігі жоғары болған.
Нүктелердің қозғалыс бағыты анық байқалған жағдайда дұрыс жауап беру көрсеткіші 100%-ға жуықтаған. Ал күрделі тапсырмаларда да қарғалар кездейсоқ таңдау жасағандағы ықтимал нәтижеден әлдеқайда жоғары көрсеткішке қол жеткізген.
Қарғалардың миында қандай өзгерістер байқалды?
Құстардың мұндай жылдамдыққа қалай қол жеткізетінін анықтау үшін ғалымдар олардың миындағы каудолатеральды нидопаллиум деп аталатын аймақтағы нейрондардың белсенділігін тіркеген.
Мидың бұл бөлігі ақпаратты өңдеуге және шешім қабылдауға қатысады. Атқаратын қызметі жағынан ол адам миының маңдайалды қыртысымен ұқсас.
Зерттеушілер қозғалыс бағытына байланысты нейрондық сигналдардың сурет көрсетілгеннен кейін шамамен 70 миллисекунд ішінде бір-бірінен ажыратыла бастайтынын анықтады. Бұл құс өз таңдауын білдіріп үлгергенге дейін әлдеқайда ерте болған.
Көру арқылы алынған ақпарат өңделген сайын нейрондардың белсенділігі біртіндеп артып, белгілі бір шекті деңгейге жеткен. Осыдан кейін қарға тиісті жауапты таңдаған.
Ғалымдардың айтуынша, нейрондық сигналдар қозғалыстың бағытын ғана емес, оның экранда қаншалықты анық көрсетілгенін де бейнелеген.
Ғалымдардың айтуынша, зерттеу нәтижелері құстардың миындағы шешім қабылдау процестері адамдар мен басқа да приматтарға тән механизмдерге ұқсас екенін көрсетті.
Дегенмен құстардың ми құрылысы өзгеше. Оларда сүтқоректілерге тән үлкен ми сыңарларының қабатты қыртысы жоқ. Соған қарамастан, құстардың миы шешім қабылдауға қажетті негізгі процестерді жүзеге асыра алады.
Қарғалар неге соншалықты жылдам әрекет етеді?
Ғалымдардың болжамынша, құстардың жылдам шешім қабылдау қабілеті эволюция барысында қоршаған ортадағы өзгерістерге тез бейімделу және көру арқылы алынған ақпаратты жедел өңдеу қажеттілігінен қалыптасуы мүмкін.
Ұшу кезінде құстар қозғалыс бағытын дәл өзгертіп, кедергілерден айналып өтуі және кеңістікте жылдам бағдар табуы керек. Сондай-ақ көру қабілеті оларға қорегін тауып, ұстап алуға көмектеседі.
Алайда қарғалардың мұндай жылдамдыққа қол жеткізуіне жүйке жүйесінің нақты қандай ерекшеліктері ықпал ететінін ғалымдар әлі де анықтауы тиіс.
Зерттеу авторлары алынған нәтижелер қарғалардың жалпы ақыл-ой қабілеті жағынан адамдардан немесе басқа приматтардан ақылдырақ екенін білдірмейтінін атап өтті.
Ғылыми жұмыс нақты бір тапсырмаға, яғни қозғалыс бағытын анықтау мен соған сәйкес жауап таңдауға арналған. Зерттеу құстардың ми құрылысы өзгеше болғанына қарамастан, олардың көру арқылы алынған ақпаратты өте жоғары жылдамдықпен өңдей алатынын көрсетті.
Бұған дейін бес аустралиялық сауысқанның қозғалысын бақылауды жоспарлаған зерттеушілердің тәжірибесі күтпеген жерден сәтсіз аяқталғаны хабарланған еді. Құстар бір-біріне көмектесіп, денелеріне орнатылған бақылау құрылғыларын шешіп тастаған. Сауысқандарға ғалымдардың жоспарын бұзу үшін небәрі бір сағат жеткілікті болған.