Мемлекет басшысы Қазақстанның барлық аймағын байланыстыратын, елдің транзиттік әлеуетін күшейтетін заманауи теміржол және автомобиль жолдарының тұтас желісін құруды стратегиялық міндет деп атады.
Президенттің айтуынша, Қазақстан арқылы тасымалданатын жүк көлемі жыл сайын артып келеді. Сондықтан жол инфрақұрылымын жақсарту мәселесі, әсіресе, солтүстік өңірлер үшін өзекті болып отыр.
"Сондықтан ендігі кезекте "Көкшетау – Петропавл" тас жолын кеңейту ісіне кірісу керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы автокөлікпен жүк тасымалдайтын отандық кәсіпкерлерге жәрдем көрсету қажеттігіне де назар аударды.
"Себебі Қазақстан арқылы өтетін автокөлік транзитінің жартысынан көбі шетелдіктерге тиесілі. Осы саланы да ретке келтіретін уақыт келді, Үкімет тиісті іс-әрекеттерді қолданады", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі мақсат ел жолдарының әлеуетін нығайтып, азаматтардың табысын арттыру екенін атап өтті.