Алматылықтар әлеуметтік желілерде кезекте тұрған жолаушылардың видеоларын жариялап, жағдайға шағымданды.
"Дүйсенбі күні таңертең Алматы метросының кіреберісіндегі жағдай осы. Баланы балабақшаға апарудың өзі бір сынақ болды", – деп жазды Threads желісінде sati_jussupova есімді қолданушы.
Осы жағдай түсірілген тағы бір видеоны asem.br есімді қолданушы бөлісті.
Алматы метрополитенінің баспасөз қызметі Zakon.kz сауалына берген жауабында ақаудың жойылғанын хабарлады.
"Бүгін сағат 06:30-дан бастап техникалық себептерге байланысты Алматы метросының барлық станциясында жолақыны "Оңай" жүйесінің QR-коды арқылы төлеу уақытша мүмкін болмады. Осы аралықта жолаушылар "Оңай" көлік картасымен, банк картасымен, Apple Pay және Samsung Pay арқылы әдеттегідей төлем жасай алды. Қағаз QR-билеттер де қабылданды. Сағат 09:30-да "Оңай" жүйесіндегі техникалық ақау толық жойылып, QR-код арқылы төлем қабылдау қалпына келді. Келтірілген қолайсыздық үшін жолаушылардан кешірім сұраймыз", – деп мәлімдеді метрополитеннің баспасөз қызметі.
"Оңай" жүйесінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты кейінірек түсініктеме беретінін хабарлады.
Еске салайық, 2026 жылғы 5 қарашада таңертең Алматы метросында штаттан тыс жағдай болып, жолаушылар сыртқа шығарылған, пойыздар қозғалысы уақытша тоқтатылған еді. Оқиғаның мән-жайын мына сілтемеден оқи аласыз.