Велошабандоз Алексей Луценко Қазақстан тарихында алғаш рет Азиаданың алты дүркін чемпионы атанса, Темірлан Тілеулес ел қоржынына таэквондодан тұңғыш Азиада алтынын салды.
"Азия ойындарында бақ сынаған белгілі спортшымыз Темірлан Тілеулестің есімі де отандық және әлемдік спорт тарихында қалатыны сөзсіз. Ол таэквондодан ел тарихындағы алғашқы алтын медальді жеңіп алды. Боксшыларымыз Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай чемпион атанып, ел намысын абыроймен қорғады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Токио Олимпиадасында каратэден қола жүлде алған Софья Берульцеваның жетістігін де атап өтті. Төрт жыл бұрын Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алған спортшы Жапонияда тағы да жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
"Енді, міне, Жапония төрінде нағыз спорт шебері екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, Азиаданың екі дүркін чемпионы атанды", – деді Мемлекет басшысы.
Алексей Луценко Жапонияда жекелей және топтық веложарыста жеңіске жетіп, екі алтын медаль иеленді.
"Алексей Луценко жылдар бойғы табанды еңбегінің, темірдей тәртібінің және қайсар мінезінің арқасында тамаша табысқа жетті", – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Азия пара ойындарының екі дүркін чемпионы Давид Дегтяревтің де жетістігіне тоқталды. Пауэрлифтингтен екі рет Паралимпиада ойындарында жеңіске жетіп, үш мәрте әлем чемпионы атанған спортшы бұл жолы Азия рекордын жаңартып, алтын медаль жеңіп алды.
"Параазия ойындарының екі мәрте чемпионы атанған Давид Дегтярев кәсібиліктің, ерліктің әрі жеңіске деген құштарлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Өткен жарыстарда Азияның жаңа рекордын орнатып, жеңіс тұғырына көтерілді", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазақстандық спортшылар осындай жетістіктерімен ел Туын халықаралық аренада биікке көтеріп жүр.