Оның айтуынша, несиелеу көрсеткіштері банктердің экономиканың нақты секторын қаржыландыру көлемін ұлғайтып келе жатқанын көрсетеді.
"2026 жылғы тамыздың қорытындысы бойынша бизнестің несие портфелі бір жылда 14,2%-ға өсіп, 16,4 трлн теңгеге жетті. Ең жоғары өсім шағын және орта бизнес сегменттерінде байқалды. Бір жылдан астам мерзімге берілген несиелердің көлемі қысқа мерзімді несиелерге қарағанда жылдамырақ өсіп келеді. Бизнестің несие портфеліндегі ұзақ мерзімді несиелердің үлесі – 70,7%. Жаңадан берілген несиелер көлемінің өсуі де несиелеу ауқымының кеңейгенін көрсетеді. 2026 жылғы тамыздағы дерек бойынша кейінгі 12 айда бизнеске берілген несие көлемі алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,9%-ға артты. Өсім ірі, орта және шағын бизнестің бәрінде байқалды", – делінген Ұлттық банк төрағасының жауабында.
Тимур Сүлейменовтің пікірінше, мұндай өсімге салық салу мен реттеу саласында қабылданған бірқатар шара ықпал етті. Атап айтқанда, салық салудағы өзгерістер банктер үшін мемлекеттік бағалы қағаздар мен Ұлттық банк ноталарына қаражат салудың тартымдылығын төмендетті.
"2024 жылғы наурыздан бастап банктердің Ұлттық банк ноталарынан алатын кірісіне салық салынады. 2026 жылдан бастап Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарынан түсетін кірістің 50%-ына салық салынады, ал 2031 жылдан бастап салық осы кірістің толық сомасына есептеледі. Банктердің 2025 жылы мемлекеттік бағалы қағаздармен жасалған операциялардан және ақша нарығындағы операциялардан алған кірісіне қосымша 10% мөлшерлемемен корпоративтік табыс салығы салынды. 2026 жылдан бастап банктердің бизнесті несиелеуден түсетін кірісіне қолданылатын корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі – 20%, ал өзге қызмет түрлерінен түсетін кірісіне – 25%", – деді Ұлттық банк төрағасы.
Бұған дейін қазақстандықтардың несие бойынша берешегі 26,7 трлн теңгеге жеткенін жазған едік.