Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы 2 қазанда елордада 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымы басталды.
Қараша айында берілген түбіртектерде қазан айында тұтынылған жылу энергиясы, соның ішінде пәтерді жылыту және ыстық сумен жабдықтау қызметтері үшін есептелген төлем көрсетілген.
"Жылыту ақысының мөлшері тұтынылған жылу энергиясының көлеміне, қолданыстағы тарифке және есептеу тәртібіне байланысты", – деп хабарлады "Астана-Теплотранзит" АҚ.
Жылу ақысы қалай есептеледі?
Мамандардың түсіндіруінше, егер көппәтерлі тұрғын үйде ортақ жылу есептегіш құралы орнатылып, ол дұрыс жұмыс істеп тұрса, төлем оның көрсеткіштері негізінде есептеледі. Үй тұтынған жылу энергиясының жалпы көлемі пәтерлер арасында олардың ауданына қарай бөлінеді.
Ал есептегіш құрал болмаған, істен шыққан немесе тексеру мерзімі өткен жағдайда төлем қолданыстағы есептеу тәртібіне сәйкес, сыртқы ауаның нақты температурасы ескеріле отырып жүргізіледі.
"Бұл ретте жылу ақысының мөлшері ай сайын өзгеруі мүмкін. Жылу энергиясын тұтыну көлеміне сыртқы ауаның температурасы, ғимараттың ерекшеліктері және жылумен жабдықтау режимі әсер етеді", – деп хабарлады "Астана-Теплотранзит" АҚ.
Қолданыстағы тарифтер
Астанада жылу энергиясының жаңа тарифтері 2026 жылғы шілдеде бекітілді. Тұрғындар үшін жылу ақысы 10%-ға өсті.
2026 жылғы 16 шілде мен 31 желтоқсан аралығында жеке тұлғалар үшін мынадай тарифтер белгіленген:
- Үйге ортақ жылу есептегіш құралы болған жағдайда – 1 Гкал үшін ҚҚС-сыз 4 061,11 теңге;
- Үйге ортақ жылу есептегіш құралы болмаған жағдайда – 1 Гкал үшін ҚҚС-сыз 4 956 теңге.
Аталған тарифтер 2026 жылғы қазан айындағы жылу энергиясы үшін төлемді есептеу кезінде қолданылады.
Айта кетейік, Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 2026 жылғы 10 қарашада Үкіметтегі брифингте климаттың өзгеруіне байланысты Қазақстандағы жылыту маусымының мерзімін қайта қарау мүмкіндігін жоққа шығармады.