Жак-Ив Кустоның есімі әлемде кеңінен танымал. Адамдар оның еңбектері арқылы су асты әлемінің қандай екенін білді.
Зерттеуші 1910 жылы 11 маусымда Францияның оңтүстігіндегі Сент-Андре-де-Кюбзак қаласында дүниеге келген. Әкесі – адвокат, ал анасы фармацевттің қызы болған.
Адвокаттық қызмет жақсы табыс әкелді, отбасының жиі саяхаттауға мүмкіндігі болды. Әсіресе, теңізге көп баратын, онда кішкентай Жак сүңгуді үйренді. Осылайша оның мұхит әлеміне деген сүйіспеншілігі бала кезден қалыптасты.
Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Кустоның отбасы АҚШ-қа көшуге мәжбүр болды. Отанына 12 жасында оралған болашақ океанограф арнайы интернатты үздік бітіріп шықты. АҚШ-та Жак-Ив механикаға қызығып, Францияға келген соң электромобиль жасады. Тапқан ақшасына өзінің алғашқы кинокамерасын сатып алды.
1930 жылы ол әскери-теңіз академиясына оқуға түсті. Группасымен бірге "Жанна д' Арк" кемесімен бүкіл әлемді жүзіп өтті. Оқу орнын прапорщик шенімен бітіріп, Шанхайдағы әскери базаға жіберілді.
Кейіннен Кусто теңіз авиациясы академиясына баруға шешім қабылдады. Алайда, жол апатынан алған жарақаттарына, екі қолының сынуына байланысты мақсатынан бас тартуға мәжбүр болды. Оңалту курсы сегіз айға созылды. Қолдары ауырғанына қарамастан, ол күн сайын Жерорта теңізінде жүзіп жаттықты.
Тезірек қалпына келу үшін 1936 жылы Кусто Тулондағы портқа бекітілген "Сюффрен" крейсеріне нұсқаушы болып кірді. Бірде ол дүкеннен су асты жүзіге арналған көзілдірікті көрді. Онымен суға сүңгігеннен кейін, су асты әлеміне деген ерекше қызығушылығы пайда болды.
Сүңгуге деген қызығушылық
Содан бері Жак-Ив сүңгумен және су асты жабдықтарын сынаумен белсене айналысты. 1943 жылы зерттеуші француз инженері Эмиль Ганьянмен бірге қысылған ауада жұмыс істейтін аквалангты сүңгуір костюм ойлап тапты.
Құрылғы 90 метр тереңдікке батып, ұзақ зерттеулер жүргізуге мүмкіндік берді, бұл су асты әлемі туралы білімді дамытуға ықпал етті. Кусто сондай-ақ су өткізбейтін камераларды, жарықтандыру құрылғыларын және әлемдегі алғашқы су астындағы теледидар жүйесін жасады.
Соғыс аяқталғаннан кейін Жак-Ив акваторияларды су астындағы миналардан тазартумен айналысты. Ол сүңгуірлер мен ғалымдардан құралған команда жинап, суға бату және тереңдікті зерттеуге арналған құрал-жабдықтарды жақсартумен айналысты.
Океанографиядағы алғашқы қадамдар
Кусто өзінің алғашқы камерасын студент кезінде сатып алды. Алдымен ол өзін және айналасындағы әлемді түсірген, кейіннен суға сүңгіген кезінде камераны бірге алып, ерекше кадрлар түсіре бастады. Материал көп жиналған кезде, оны деректі фильмге айналдыруға шешім қабылдады.
Су асты аңшылығына арналған картина "18 метр тереңдікте" деп аталды. Бұл үлкен жетістік саналды, себебі бұрын су астында түсірілім жүргізілмеген еді. Кусто кинокамераны түрлендіру арқылы осындай техникалық мүмкіндіктерге қол жеткізді.
Қоғамдық өмірге қосқан үлесі
1957 жылы Кусто Океанологиялық мұражайды басқарды. Өз материалдарынан монтаждалған ғылыми фильмдерді түсіруге деген құштарлығының арқасында ол теледидарға шақырту алды. Сөйтіп, 1966 жылы авторлық телебағдарлама жүргізе бастады.
Кейіннен америкалық көшбасшы Рональд Рейган океанографқа президенттік Бостандық медалін табыс етті. Ал БҰҰ Жак-Ив Кустоға Халықаралық экологиялық жүлде тағайындады.
Жеке өмірі
Кусто екі рет үйленген. Алғашқы әйелі Симона Мельхиор 1990 жылы қайтыс болды. Одан екі ұлы – Жан-Мишель және Филипп дүниеге келді. 1991 жылы Кусто Франсина Триплетке үйленіп, одан бір ұл мен бір қыз сүйді.
Жак-Ив Кусто 1997 жылы 25 маусымда, 87 жасқа толған шағында Парижде қайтыс болды. Өлім себебі – тыныс алу жолдарының ауруына байланысты миокард инфарктісі. Аты аңызға айналған океанограф өзінің туған қаласы Сент-Андре-де-Кюбзакта жерленді.
Қызықты фактілер
Антифашистік қозғалысқа қатысты
Екінші дүниежүзілік соғыстың алдыннда Кусто Француз барлау қызметіне тартылды. Ол Француз қарсыласу қозғалысына жұмыс істеп, одақтастарға итальялық әскерлердің іс-қимылы туралы хабарлады. Бұл қызметі үшін бірнеше медальдармен марапатталған.
Су асты өркениетін құрғысы келді
Жак-Ив Кусто Жерде халықтың тығыз қоныстану проблемасына алаңдады және мұхитты адамдар үшін қолайлы орын деп есептеді. Ол әлемдегі алғашқы су асты үйінің жобасын жасады – ұзындығы бес метр және диаметрі екі жарым метр болатын "бөшкелер".
1962 жылы Марсель жағалауында су асты үйі 10 метр тереңдікке батырылды. Онда Кустоның өзі және екі зерттеуші досы – Альбер Фалько мен Клод Уэсли бір апта тұрып, сынаққа риза болды.
Содан кейін Қызыл теңіз қайраңында төрт су асты үйінен тұратын кешен орналастырылды. Онда алты адам мен тотықұс бірнеше ай бойы өмір сүрді. Алайда, ол кезде су асты үйлері идеясы қолдау таппады. Демеушілерді басқа нәрселер қызықтырды: ғарышты зерттеу, теңізде мұнай өндіру.
Исламды қабылдады
Жак-Ив Кусто исламды қабылдап, мұсылман болып өмірден озды деген нұсқа бар. Ол командасымен бірге 1962 жылы Атлант мұхиты мен Жерорта теңізінің түйіскен жеріндегі суларды зерттеген еді.
"Олардың сулары көптеген мыңжылдықтар бойы Гибралтар жағалауында кездеседі. Бұл жағдайда мұхит пен теңіз суының, тұздардың атомдарының табиғи диффузиясы болуы керек сияқты, фауна мен флораның формалары араласуы керек.
Бірақ іс жүзінде ондай ештеңе болмайды. Сулар мүлдем араласпайды, оларды көрінбейтін шекара бөліп тұрғандай. Мойындаймын, бұл құбылыс мені қатты қызықтырды", – деп жазды Кусто "Біз неге мұсылман болдық" кітабында.
Бұл ғажайып фактіні анықтағанда ғалым қатты таңғалды. Ал бұл туралы 1400 жыл бұрын Құранда жазылғанын білгенде таңданысында шек болмады. Бұл жөнінде ол доктор Морис Букайадан білді.
"Бұл мен үшін ашық аспанда күн күркірегендей болды. Шынында да, мен Құранның аудармаларын көргенде: "Қазіргі ғылым 1400 жыл артта қалып келе жатқан бұл Құран адамның сөзі бола алмайды деп ант етемін. Бұл Жаратушының шынайы сөзі", деп жар салдым.
Осыдан кейін мен Исламды қабылдадым және күн сайын осы діннің ақиқатына, әділдігіне, жеңілдігіне, пайдасына қайран қалдым. Оның маған ақиқатты көрсеткеніне шексіз ризамын. Маған осындай, таңғажайып нәрселер ашылғаннан кейін мен исламға келдім", – деп жазды Жак-Ив Кусто.
Алайда, океанографтың бұл мәлімдемесіне қарамастан, оның отбасы мен жақындары бұл ақпаратты растамайды.