Astana TV телеарнасының мәліметінше, оқиға өткен жылдың жазында Қостанай қаласындағы Кочубей көшесіндегі тұрғын үй ауласында болған. Қатты дауыл кезінде ескі терек ағашы әйелдің автокөлігінің үстіне құлап, салдарынан көлікке айтарлықтай механикалық зақым келген.
Зардап шеккен тұрғын қала әкімдігіне қарсы сотқа талап арыз түсірген. Алайда бірінші сатыдағы сот оның талабын қанағаттандырудан бас тартқан. Соған қарамастан, әйел әділдік іздеп апелляциялық сотқа жүгінген.
Апелляциялық сотта ағаштың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне тиесілі екені және аталған органның жасыл желектерді тиісті деңгейде күтіп-ұстауды қамтамасыз етпегені анықталды. Сонымен қатар, сот барысында тұрғындардың қауіпті, апатты ағаштарды кесу туралы бірнеше рет өтініш бергені, алайда бұл өтініштерге уақтылы әрі тиісті жауап болмағаны белгілі болды. Нәтижесінде бірінші сатыдағы соттың шешімі күшін жойды.
"Сот қауіпті ағаштарды кесу туралы өтініштердің мемлекеттік органға жолданғанын, алайда тиісті шаралар қабылданбағанын анықтады. Осыған байланысты апелляциялық алқа талапкердің мүлкіне келтірілген зиян жауапкердің кінәсінен болған деген қорытындыға келді", – деп түсіндірді. Қостанай облыстық сотының баспасөз хатшысы Ләззат Байғожина
Бұған дейін Павлодар облысында полиция 44 келі есірткіні жойғанын жазғанбыз.