Оқиға орнына дереу патрульдік полиция экипаждары мен учаскелік полиция инспекторлары жіберілді. Алғаш болып жеткен қызметкерлер базарға жақын орналасқан сауда үйлерінің біріндегі банкомат жанынан 47 жастағы әйелді анықтады.
Анықталғандай, әйел алаяқтардың нұсқауларын орындап, белгісіз шотқа 3 миллион теңге аудармақ болған. Полицейлердің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында ақша аудару дер кезінде тоқтатылып, қаражат толық сақталды.
Белгілі болғандай, алаяқтар өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар әйелмен бейнеқоңырау арқылы байланысқа шығып, арнайы киім киіп, ресми тұлға бейнесін жасап, сенімге кірген. Алдын ала мәліметтер бойынша, күдіктілер әйелдің атына бірнеше банктен несие рәсімдеуге тырысқан, алайда бас тарту алған. Соған қарамастан, оның шотына басқа есепшоттан ақша түскен — бұл қаражатты кейін "дропперлік" мақсатта пайдаланбақ болғаны болжануда. Сонымен қатар алаяқтар әйелге психологиялық қысым көрсетіп, оның қызына қатысты жалған қылмыстық іс қозғалды деген ақпарат таратып, қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын айтып қорқытқан.
Манипуляцияға сеніп қалған әйел ауылдан қалаға келіп, онлайн өтінімдері қабылданбаған соң, 3 миллион теңгеден астам сомаға офлайн несие рәсімдеген. Ол алаяқтарға соншалықты сеніп, тіпті қызы мен полиция қызметкерлерінен жасырынуға тырысқан, себебі оған ешкімге ештеңе айтпау қатаң тапсырылған. Қазіргі уақытта азаматшаны қорғау мақсатында "e-Gov" порталы арқылы несие рәсімдеуге шектеу қоятын "Стоп-кредит" қызметі қосылды.
Аталған іс-шаралар "Anti-fraud" жедел-профилактикалық акциясы аясында өткізілді. Жалпы, осы бағыттағы жұмыстар барысында полицейлер 17 алаяқтық әрекеттің алдын алған. Полиция ескертеді: сақ болыңыздар және алаяқтардың айласына алданбаңыздар. Күдікті қоңыраулар немесе хабарламалар түскен жағдайда дереу "102" нөміріне хабарласыңыздар.