Ақорданың баспасөз қызметі берген ресми ақпаратқа сай, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Асиф Али Зардари мен Премьер-министр Шахбаз Шарифті Пәкістанның ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Мемлекет басшысы жеделхатында орнықты даму жолында Пәкістанның айтарлықтай табысқа жеткеніне тоқталып, екіжақты және халықаралық күн тәртібінің ауқымды мәселелері бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ұдайы бейіл екенін білдірді.
Қазақстан Президенті Премьер-министр Шахбаз Шарифтің елдеріміздің өзара ықпалдастығына тың серпін беретін Астанаға мемлекеттік сапарына ерекше ден қойып отырғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Асиф Али Зардари мен Шахбаз Шарифтің жауапты қызметтеріне табыс, ал достас Пәкістан халқына құт-береке тіледі.
2026 жылғы 3-4 ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Президенті ретіндегі Пәкістанға алғашқы мемлекеттік сапары өтті. Екі ел делегацияларының қатысуымен өткен келіссөздер барысында Мемлекет басшысы Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Пәкістан арасында стратегиялық әріптестік орнату туралы бірлескен декларацияға, сондай-ақ бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды.