Істің немен аяқталғанын 2026 жылғы 9 қыркүйекте Кассациялық соттың баспасөз қызметі мәлімдеді.
2023 жылғы мамырда шаруа қожалығының басқарушысы басшысымен жанжалдасып қалғаннан кейін басқа адаммен бірге Солтүстік Қазақстан облысындағы астық қоймаларын өртеуді ұйымдастырған. Өрт салдарынан шаруа қожалығына 495 млн теңге көлемінде залал келтірілді.
Бірінші сатыдағы сот өрт қоюды ұйымдастырған азаматты алты жылға бас бостандығынан айырып, одан келтірілген материалдық залалды өндіріп алу туралы үкім шығарды. Апелляциялық саты бұл шешіммен келісті.
Алайда сотталған адамның қорғаушысы оның кінәсі дәлелденбегенін алға тартып, үкім мен апелляциялық қаулының күшін жоюды сұрап, Кассациялық сотқа жүгінді.
"Кассациялық сот К.-ның өрт қоюды ұйымдастырудағы кінәсі зерттелген дәлелдемелер жиынтығымен расталды деген қорытындыға келді. Олардың қатарында төтенше жағдайлар органдарының материалдары, оқиға орнын қарау хаттамалары, өрт қою фактісін анықтаған өрт-техникалық зерттеулердің қорытындылары, кінәлі адамдардың телефон байланыстары туралы мәліметтер, сондай-ақ жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтары бар", – деп хабарлады сот.
Сот тағайындалған жаза жасалған қылмыстың ауырлығына және заң талаптарына сай келеді деген қорытындыға келді. Осыған байланысты сот актілері өзгеріссіз қалдырылды.
Бұған дейін тағы бір қазақстандық денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін шығарылған үкімді Кассациялық сотта жеңілдетуге тырысқан еді. Ол танысына бірнеше рет пышақ жарақатын салғаны үшін бес жылға сотталған. Алайда сотталушы өзін қорғағанын мәлімдеді.