Құжатта көрсетілгендей, арнайы экономикалық аймақ 2051 жылғы 31 желтоқсанға дейін жұмыс істейді. Ол Жамбыл облысы құрамындағы Қордай ауданы аумағында орналасады. Арнайы экономикалық аймақ аумағы 165 гектарды құрайды және Қазақстан Республикасының аумағының ажырамас бөлігі болып саналады.
Жаңа экономикалық аймақты құрудың негізгі мақсаттары:
- өңірде заманауи, жоғары өнімді және бәсекеге қабілетті өндірістерді дамыту, инвестиция тарту және жаңа технологияларды енгізу;
- химия, мұнай-химия, металлургия, металл өңдеу, резеңке және пластмасса өнімдерін шығару сияқты өңдеу өнеркәсібін дамыту;
- агроөнеркәсіп кешенін жетілдіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, сақтау, қаптау және аграрлық логистиканы дамыту;
- сауда-логистикалық және тарату орталықтарын қалыптастыру, кедендік және мультимодальды тасымал жүйелерін дамыту;
- машина жасау саласын, электротехника және электроника өндірісін дамыту;
- индустриялық, сауда және сервис инфрақұрылымын қалыптастыру.
Жоба аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономиканы әртараптандыруға бағытталған.
Жаңа арнайы экономикалық аймақта арнайы құқықтық режим белгіленетіні, сондай-ақ еркін кеден аймағының кедендік рәсімі қолданылатыны көрсетілген.
Сонымен қатар Арнайы экономикалық аймақ аумағында шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ олардың көлік құралдарының кіруі, шығуы, транзиті және болу тәртібі реттеледі.
Құжатта айтылғандай, Арнайы экономикалық аймақ қызмет ету мерзімі аяқталуына байланысты таратылған жағдайда, Жамбыл облысы әкімдігі:
- Арнайы экономикалық аймақ таратылардан кемінде үш ай бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында оның жабылатыны туралы хабарлама жариялайды, сондай-ақ өтініштер мен талаптарды қабылдау тәртібі мен мерзімін көрсетеді;
- Арнайы экономикалық аймақ аумағында жұмыс істейтін заңды және жеке тұлғаларға тауарларды басқа кедендік рәсімге ауыстыру тәртібін түсіндіреді;
- Арнайы экономикалық аймақ таратылғаннан кейін бір ай ішінде Президентке және Үкіметке оның қызмет нәтижелері туралы есеп береді.
Арнайы экономикалық аймақ құрамына:
- 100 гектар өнеркәсіптік-индустриялық аймақ;
- 65 гектар сауда-логистикалық аймақ кіреді.
2051 жылға дейінгі негізгі мақсатты көрсеткіштер белгіленген:
- жалпы инвестиция көлемі – 550 млрд теңге;
- шетелдік инвестициялар – 300 млрд теңге;
- отандық инвестициялар – 250 млрд теңге;
- өндіріс көлемі – 1,05 трлн теңге;
- қатысушы компаниялар саны – 260;
- қосымша қызмет саласында жұмыс істейтіндер – 700 адам;
- жұмыс орындары – 11 500;
- жергілікті қамту үлесі – 85%.
Қаулы 2026 жылғы 21 сәуірден бастап күшіне енді.