Құжатта мынадай негізгі ұғымдар айқындалған:
- асыл тұқым кітабы – белгілі бір тұқымға жататын асыл тұқымды жануарлардың шығу тегі, өнімділігі және өзге де қасиеттері туралы олардың асыл тұқымдық құндылығы ескерілген мәліметтер жиынтығы;
- селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпараттық базасы – асыл тұқымды жануарлар мен селекциялық процеске тартылған жануарлар туралы деректерді жинауға, сақтауға және өңдеуге арналған автоматтандырылған жүйе. Ол жануарлардың генетикалық әлеуетін жетілдіру және арттыру, сондай-ақ асыл тұқымдық өнімді есепке алу үшін пайдаланылады. Ақпараттық базаны уәкілетті орган айқындаған оператор сүйемелдейді.
Асыл тұқым кітабын республикалық палаталардың атқарушы органдары жүргізеді және басып шығарады.
Әр тұқым бойынша кітап асыл тұқымды жануар мәртебесі берілген жануарларға қатысты жүргізіледі. Ол селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпараттық базасындағы жеке модульде немесе палатаның шешімімен қағаз түрінде жүргізіледі. Қағаз нұсқасы да палатаның шешімі негізінде басып шығарылады.
Палата есепті жылдан кейінгі күнтізбелік жылдың 1 ақпанына дейін асыл тұқым кітабын қалыптастырады.
Кітап асыл тұқымды жануарлардың әрбір тұқымы бойынша жеке жүргізіледі. Жылқыларға қатысты бір тұқымның асыл тұқым кітабы таза қанды және таза тұқымды жануарлар бойынша бөлек толтырылады.
Асыл тұқым кітабы бес бөлімнен тұрады.
Асыл тұқым кітабының бірінші бөліміне оған енгізілген барлық жануарлар туралы мынадай мәліметтер жазылады:
- тиісті палата берген тіркеу нөмірі;
- ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларына сәйкес берілген жеке нөмірі;
- шаруашылық ішінде жануарға берілген түгендеу нөмірі;
- жануардың аты, егер бар болса.
Екінші бөлімге асыл тұқымды аталық жануарлар мен олардың төлдері туралы мәліметтер енгізіледі.
Үшінші бөлімде аналық мал басы және одан алынған төлдер туралы ақпарат көрсетіледі.
Төртінші бөлімге импортталған және экспортталған жануарлар туралы мәліметтер жазылады.
Бесінші бөлімге өлген жануарлар туралы ақпарат енгізіледі.
Жануардың асыл тұқымды мәртебесі тоқтатыла тұрған немесе жойылған жағдайда, ол туралы мәліметтер кітапта сақталады. Бұл ретте жануардың тиісті мәртебесі, сондай-ақ оны тоқтата тұру немесе жою туралы шешім қабылданған күн көрсетіледі.
Бұйрық 2026 жылғы 15 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.