Заңда "Алтын Қыран" ордені Қазақстан Республикасының ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі екені нақтыланды.
Бірқатар бап жаңа редакцияда жазылды.
"Халық қаһарманы" атағы Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі, оның бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы жауынгерлік ерліктері үшін беріледі.
"Халық қаһарманы" атағына ие болған адамдарға айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз және "Отан" ордені табысталады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті өзінің мәртебесіне орай айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз және "Отан" ордені табыстала отырып, "Халық қаһарманы" атағына ие болатыны көрсетілген.
Еліміздің ордендер тізімі де жаңартылды. Қазақстан Республикасының ордендері:
- "Отан";
- "Барыс";
- "Даңқ";
- "Al-Farabi";
- "Qoja Ahmet Yasaui";
- "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев";
- "Мейірім";
- "Айбын";
- "Парасат";
- "Достық";
- "Ел бірлігі";
- "Құрмет";
- "Еңбек Даңқы".
"Al-Farabi" орденімен білім мен ғылым, мәдениет және рухани өмір салаларындағы аса үздік еңбегі үшін Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетел азаматтары наградталады.
"Qoja Ahmet Yasaui" орденімен ағартушылық, мәдени-гуманитарлық және әлеуметтік салаларды дамытуға елеулі үлес қосқан отандық және шетелдік ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері наградталады.
Қазақстан Республикасының медальдері:
- "Ерлігі үшін";
- "Жауынгерлік ерлігі үшін";
- "Шәмші Қалдаяқов";
- "Ерен еңбегі үшін";
- "Шапағат".
Сонымен қатар заң мынадай мазмұндағы жаңа баппен толықтырылды:
"Шәмші Қалдаяқов" медалімен композиторлар, дирижерлер, ән авторлары, дәстүрлі және эстрадалық музыка орындаушылары, сондай-ақ музыка және ән өнерін дамытуға зор үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетел азаматтары наградталады.
Сондай-ақ Қазақстанда мынадай құрметті атақтар белгіленетіні көрсетілген:
- "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері";
- "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы";
- "Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері";
- "Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері";
- "Қазақстанның еңбек сіңірген инженері";
- "Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы";
- "Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері";
- "Қазақстанның еңбек сіңірген кеншісі";
- "Қазақстанның еңбек сіңірген геологы";
- "Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы";
- "Қазақстанның көлік саласының еңбек сіңірген қайраткері";
- "Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері";
- "Қазақстанның су шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қайраткері";
- "Қазақстанның халық әртісі";
- "Қазақстанның халық жазушысы";
- "Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі".
"Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы" құрметті атағына ие болған адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы.
"Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" құрметті атағына ие болған педагогтерге "Педагог мәртебесі туралы" заңда белгіленген мөлшерде біржолғы төлем беріледі.
"Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" құрметті атағына ие болған медицина қызметкерлеріне "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексте белгіленген мөлшерде біржолғы төлем беріледі.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының құрметті атақтары кімдерге берілетіні нақтыланған:
- "Қазақстанның халық әртісі" – Қазақстан Республикасының театр, цирк, музыка және кино өнерін дамытуға ерекше үлес қосқан, бұған дейін "Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі" немесе "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағына ие болған адамдарға;
- "Қазақстанның халық жазушысы" – республика әдебиетін дамытуға ерекше үлес қосқан, бұған дейін "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағына ие болған адамдарға немесе Қазақстан Республикасының әдебиет саласындағы мемлекеттік сыйлықтарының лауреаттарына беріледі.
Сонымен қатар мынадай толықтыру енгізілген:
"Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі" құрметті атағы бұған дейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасына ие болған суретшілерге, мүсіншілерге, кескіндемешілерге, график-суретшілерге, зергер-суретшілерге, дизайнерлерге, реставраторларға, сәндік-қолданбалы өнер шеберлеріне, сондай-ақ монументалды және бейнелеу өнерін дамытуға ерекше үлес қосқан адамдарға беріледі.
Көпбалалы аналарға арналған наградалар:
- "Алтын алқа";
- "Күміс алқа".
Ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгілерімен, "Отан", І дәрежелі "Барыс", І дәрежелі "Даңқ", "Al-Farabi" және "Qoja Ahmet Yasaui" ордендерімен наградталған азаматтар туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Қазақстан Республикасының Даңқ кітабына жазба енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Даңқ кітабын жүргізу және сақтау қағидаларын, сондай-ақ оның сипаттамасын Үкімет бекітеді.
Заң қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.