Құжатқа сәйкес, 2027 жылғы 1 ақпаннан 2028 жылғы 1 ақпанға дейін жалпы ауданы 1019,6914 гектар болатын 57 жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару, оның ішінде сатып алу жоспарланып отыр. Учаскелер Астананың Есіл ауданында, Қабанбай батыр даңғылы мен әуежай маңында орналасқан.
Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына аталған учаскелерді әуежайдағы екінші ұшу-қону жолағын инфрақұрылым нысандарымен бірге салу, сондай-ақ қолданыстағы ұшу-қону жолағы мен инфрақұрылым нысандарын салу және реконструкциялау жобасы бойынша іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу үшін алу тапсырылған. Жоба "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ нысандарын қамтиды.
Құжатта меншік иелері мен жер пайдаланушылар жер учаскесінің алдағы уақытта мәжбүрлеп иеліктен шығарылатыны туралы хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде Астана әкімдігіне тиісті өтініш беріп, келісу рәсімдерін бастауға құқылы екені көрсетілген.
Жер учаскелерінің иелері қатарында Астана әуежайы, "Қазмырыш", SCAT, Air Astana, "Қазаэронавигация" және басқа да ұйымдар, сондай-ақ бір жеке меншік иесі бар.