Жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан экономикасы 4,9% өсті

Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатқан еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Бүгінде ұлттық экономика қолайсыз сыртқы жағдайларға бейімделіп, тұрақты өсу жолына түсті. Сонымен қатар әлемде санкциялық саясаттың шиеленісуі, жеткізу тізбегінің үзілуі, инфляция мен азық-түлік бағасының өсуі жаһандық экономиканың баяулауына үлкен әсер етіп жатыр. Атап айтқанда, Халықаралық валюта қоры жаһандық инфляция болжамын 2023 жылы 7 пайызға дейін көтерсе, жаһандық экономикалық өсу болжамын 2,8 пайызға дейін төмендетті", - деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 27%-ға артып, 1,8 млн-нан асты. Осы секторда жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 13%-ға өсіп, 3,9 млн адамға жетті.  Нәтижесінде экономикадағы ШОБ үлесі қазірдің өзінде 36%-ды құрады (бір жыл бұрын 33,5%).

Үкімет басшысы биыл қабылданған шаралар экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Мәселен, қаңтар-наурыз айларында ЖІӨ-нің нақты өсімі 4,9%-ды құрады. 

Барлық негізгі бағыттар бойынша оң динамика қалыптасып отыр: 

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлемі үш айда 16%-ға, ал мемлекеттік бюджет кірісі 24%-ға артты. 

Бұл өз кезегінде, ағымдағы жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде әлеуметтік төлемдерге, денсаулық сақтау мен білім беру салаларын, нақты сектор мен инфрақұрылымды дамытуға қосымша 2,2 трлн теңге бөлуге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ Қазақстанның халықаралық резервтері $94 млрд құрады. Атап айтқанда, өткен жылдың басынан бері Ұлттық қордың активтері $3 млрд-қа өсіп, $58 млрд-қа жетті.

Премьер-Министр халықаралық рейтингтік агенттіктер Қазақстанның инвестициялық рейтингін сенімділік деңгейінде растағанын, ал Standard&Poor's агенттігі биылғы наурыз айында экономикамызға қатысты өз болжамын жақсартқанын айтты.

19 сәуірде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өтіп жатыр. Жиынға премьер-министр, парламент палаталарының спикерлері, президентке тікелей есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, үкімет мүшелері, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, облыстар мен аудандардың әкімдері, сенат пен мәжілістегі парламенттік фракциялар мен комитеттердің жетекшілері, облыстық және аудандық мәслихаттардың төрағалары қатысады.

Қазақстан Астана Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: