Президент: Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 150 млрд доллардан асты

Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысын өткізіп, Қазақстанның инвестициялық ахуалы, экономиканың даму қарқыны және шетелдік инвесторларға ұсынылатын жаңа мүмкіндіктер туралы мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, жаһандық экономикалық ахуалдың күрделі болуына қарамастан, Қазақстан тұрақты даму бағытын сақтап келеді.

"Сыртқы конъюнктураның қолайсыздығына қарамастан, Қазақстан экономикасы былтыр 6,5 пайызға өсті. Елдегі ішкі жалпы өнім көлемі 300 миллиард долларлық межеден асты. Инвестиция тарту көрсеткіші бойынша еліміз Орталық Азиядағы көшбасшылығын сақтауды көздейді. Тікелей шетелдік инвестицияның жиынтық көлемі 150 миллиард доллардан асып, аймаққа құйылған барлық қаржының шамамен 70 пайызын құрады. Осы экономикалық табыстарға негізінен саяси тұрақтылықтың арқасында қол жеткізіп отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент елде жүргізілген саяси реформалардың инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал еткенін атап өтті.

" Жалпыұлттық тарихи референдумның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдадық, бұл құжат қазірдің өзінде халықтық Конституция ретінде танылды. Негізгі заңның бүгінгі отырыс қарсаңында күшіне енуі символдық мәнге ие. Жаңартылған конституциялық нормалар инвесторлар құқығын барынша жоғары деңгейде қорғайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы халықаралық бизнес үшін қолайлы институционалдық орта қалыптастырылғанын айтып, инвестициялық рәсімдерді оңайлату мақсатында "бір терезе" қағидаты бойынша жұмыс істейтін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаның іске қосылғанына тоқталды.

Сонымен қатар Президент Инвестициялық штабтың қызметі инвесторлардың мәселелерін жедел шешуге және мемлекет тарапынан кешенді қолдау көрсетуге бағытталғанын жеткізді.

"Бизнеске институционалдық кепілдіктермен бірге ұзақмерзімді нақты ынталандыру тетіктерін ұсынамыз. Бүгінде шетелдік кәсіпкерлер салықтық жеңілдіктер мен оңайлатылған көші-қон рәсімдері қарастырылған Altyn visa бағдарламасының артықшылығын пайдалана алады. Дегенмен біз мұнымен ғана шектелмейміз. Алдымызда ауқымды жұмыс бар, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан алдағы уақытта да инвестициялық саясатты жетілдіріп, халықаралық бизнес үшін қолайлы жағдай жасауды жалғастыратынын атап өтті.

Қазақстан
Астана
Тоқаев Касым-Жомарт

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енді: өзгерістер хронологиясы

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енеді

Алматыда жедел жәрдем көлігі мен электрлі велосипед соқтығысып, бір адам қаза тапты

2026 жылғы ауқымды рақымшылық – Тоқаев заңға қол қойды

2026 жылдың шілдесінен бастап қазақстандықтардың өмірінде не өзгереді