Президент аса маңызды минералдар әлемдік экономиканың стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі қарқынды дамып келе жатқан секторларының бірі саналатынына назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанның жер қойнауында стратегиялық ресурстардың мол қоры бар. Бұл озық өндіріс салалары мен табысы жоғары басқа да секторларда қазақ-корей ынтымақтастығын дамытуға кең мүмкіндік береді.
"Қазақстанның жер қойнауында аталған стратегиялық ресурстардың мол қоры бар. Бұл өндірістің озық салаларында және басқа да табысы жоғары секторларда қазақ-корей ынтымақтастығын дамытуға жол ашады. Қазақстанның қазба байлықтарын игеруге Корея тарапы инвестиция салып қана қоймай, технологиялық тәжірибесімен бөліскенін де қуана құптаймыз. Бұл ретте қосылған құны бар толыққанды өндіріс тізбегін бірлесіп дамыту үшін "Ресурс – технология – өнеркәсіп" моделін ұсынамыз", – деді Мемлекет басшысы.
Президент Алматыда Сирек кездесетін металдар саласындағы технологиялық ынтымақтастық орталығы ашылатынын айтты. Оның пікірінше, бұл орталық жаңа үлгідегі серіктестікті қалыптастыру жолындағы қисынды қадам болмақ.
"Алматы қаласында ашылатын Сирек кездесетін металдар саласындағы технологиялық ынтымақтастық орталығы жаңа үлгі аясындағы серіктестікті қалыптастырудың қисынды қадамы болмақ. Ғалымдардың ортақ ізденісінің нәтижесінде ресурстық базаны зерттеу жұмыстары нақты өнеркәсіп жобасына ұласады деп сенеміз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастықта энергетика саласы да маңызды орын алатынын атап өтті. Ол кореялық компаниялардың Қазақстанның энергетика секторына қызығушылық танытып отырғанын жоғары бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Hyundai Engineering компаниясының Қарашығанақ газ өңдеу зауытын салуда жетекші рөл атқарып отырғанына назар аударды. Қазақстан тарапы бұл жобаны кореялық компаниялардың еліміздің нарығында ұзақ мерзімге орнығуына ықпал ететін алғашқы қадам ретінде қарастырады.
"Hyundai Engineering қазірдің өзінде Қарашығанақ газ өңдеу зауытының құрылысында жетекші рөл атқарады. Аталған жобаны кореялық компаниялардың біздің нарықта стратегиялық тұрғыдан ұзақмерзімді тұрақтап қалуына септігін тигізетін бастапқы қадам ретінде қарастырамыз. Газ өңдеу, мұнай химиясы, энергетика инфрақұрылымы және жаңартылатын қуат көздері секілді салаларда серіктестік аясын кеңейтуге айтарлықтай мүмкіндік бар", – деді Президент.
Мемлекет басшысы әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет ретінде Қазақстанның атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану әлеуеті зор екенін айтты. Сондай-ақ әлемдік энергетика секторында шағын модульді реакторлардың маңызы артып келе жатқанына тоқталды.
"Әлемдегі ең ірі уран өндіруші ретінде Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануда мол әлеуетке ие. Әлемдік энергетика секторында шағын модульді реакторлардың маңызы зор. Бізге де осыған айрықша мән берген жөн. Қазақстан Кореямен осы салада өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қоюға әзір", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.