Президент екі елдің ортақ күн тәртібінде көлік және логистика саласының өзекті екеніне назар аударды.
Оның айтуынша, Азия мен Еуропаны жалғап жатқан Қазақстан заманауи әрі тиімді көлік-логистика желісін қалыптастыру арқылы өзінің географиялық артықшылығын тиімді пайдалануды көздейді.
"Біз Транскаспий халықаралық көлік бағытының өткізу қабілетін, жылдамдығы мен сенімділігін арттыру үшін теміржол, автомобиль жолдарына, теңіз порттарына, терминалдар мен жалпы инфрақұрылымға қомақты қаржы құйып жатырмыз. Орта дәліздің дамуына Кореяның да үлес қосар кезі келді деп ойлаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанда заманауи логистикалық орталықтар, мультимодальды терминалдар, қойма кешендері және жеткізу тізбегін басқаруға арналған цифрлық шешімдерді дамытып жатқан CJ Logistics пен LX Pantos секілді кореялық логистика компанияларының бастамаларын құптайтынын жеткізді.
Президент осы бағыттағы жұмысты ілгерілету үшін жаңа логистикалық жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруға ықпал ететін Қазақстан-Корея бірлескен кәсіпорнын құруды ұсынды.
"Аталған жұмысты ілгерілету үшін жаңа логистикалық жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруға көмектесетін, сондай-ақ кореялық жүктердің еліміздің аумағы арқылы кедергісіз тасымалдануын қамтамасыз ететін Қазақстан-Корея бірлескен кәсіпорнын құруды ұсынамын. Қазақстандық Shin-Line компаниясы мен Lotte Global Logistics осы саладағы серіктестік жоспарын іске асыра бастағаны қуантады", – деді Президент.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект пен жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы стратегиясында адам капиталы негізгі рөл атқарады. Себебі технологиялық көшбасшылық адамдарға және олардың инновацияларды меңгеру қабілетіне тікелей байланысты.
"Осы орайда Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен бірге Қазақстанда алғашқы Жасанды интеллект институтын құру бастамасын жоғары бағалаймыз. Біз Еуразиядағы ең ірі деректер өңдеу орталықтарының экожүйесін қалыптастыруға кірістік", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент "Деректер өңдеу орталықтарының алқабы" энергия ресурстарына бай Павлодар облысында орналасатынын мәлімдеді. Жоба бір гигаватқа дейін қуат өндіруге мүмкіндік береді. Кейін оның ауқымын одан әрі кеңейтуге болады.
Жобаға арнайы жер телімі бөлініп, оны ұлттық суперкомпьютердің қуатымен ұштастыру мүмкіндігі қарастырылады.
"Мақсатымыз – Қазақстанды Орталық Азияның басты есептеуіш технологиялар хабына және Еуропа мен Азия арасындағы алтын көпірге айналдыру. Бұл жоспар Кореяның технологиялық компаниялары үшін бірегей мүмкіндік береді", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жасанды интеллектінің қосылған құн тізбегінің барлық кезеңінен пайда көруді көздейтінін атап өтті.
Президенттің айтуынша, еліміз микроэлектроника мен жартылай өткізгіштер өндірісіне қажетті материалдар және компоненттермен сенімді түрде қамтамасыз ете алады.
"Жасанды интеллектінің қосылған құн тізбегіндегі барлық кезеңінде пайдасын көргіміз келеді. Сондықтан Қазақстан микроэлектроника және жартылай өткізгіштер өндірісіне қажетті материалдар мен компоненттердің сенімді жеткізушісі бола алады. Осы ретте Samsung Electronics және SK Hynix секілді саланың әлемдік көшбасшыларымен нақты ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік мол", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.