Президенттің айтуынша, жаһандық жеткізу тізбегінде түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Осы жағдайда Шығыс пен Батысты байланыстыратын маңызды буын ретінде Орталық Азияның рөлі арта түсті.
"Қазақстан өз аумағы арқылы тасымалданатын транзиттік жүк көлемін 100 миллион тоннаға дейін жеткізуді көздейді. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға айрықша мән береміз. Оны Орта дәліз деп те жиі атайды. Соңғы алты жылда осы көлік дәлізімен тасымалданатын жүк көлемі бес есе ұлғайды. Таяу жылдары бағыттың өткізу қабілетін 20 миллион тоннаға дейін жеткізуге ниеттіміз", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Орта дәлізді көлік саласындағы TRIPP бастамасымен ықпалдастыруға болатынын айтты.
Президент Кореяның да Ляньюньган портындағы қазақ-қытай логистикалық терминалы арқылы Орталық Азияның мультимодальді бағыттарымен жүк тасымалдап отырғанына назар аударды.
"Бұл бағыттардың әлеуетін біріктіріп, Кореядан Орталық Азия арқылы Еуропаға шығатын көлік-логистика тізбегін қалыптастыруға болады деп ойлаймын. Осы орайда Пусан порты мен Каспий айлағындағы Қазақстан порттары арасындағы тәжірибе және ақпарат алмасу бағытындағы тығыз ынтымақтастық жаңа мүмкіндіктерге жол ашады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы энергетикалық қауіпсіздіктің маңызына да тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан көмірсутегін өндіру бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарына кіреді және елімізде жыл сайын 100 млн тоннаға жуық мұнай өндіріледі.
Қазақстан осы саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге, соның ішінде Кореяға энергия ресурстарын жеткізуді қайта жандандыруға дайын.
Сонымен қатар Президент геологиялық барлау және жер қойнауындағы жаңа кен орындарын игеру бағытындағы ықпалдастықты арттыруға болатынын жеткізді.
Қазір Кореяның KNOC ұлттық компаниясы Қазақстандағы мұнай кен орнын игеріп жатыр. Ал Hyundai Engineering компаниясы консорциум құрамында ірі газ өңдеу зауытының құрылысына қатысуда.
"Шикізатты терең өңдеу саласының да келешегі зор. Қазақстан мұнай-газ химиясын, соның ішінде полипропилен мен полиэтилен өндірісін дамытуды белсенді түрде қолға алды. Кореялық компанияларды қосылған құны жоғары жаңа өндіріс орындарын ашуға шақырамыз", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық энергетикадағы өзгерістер атом өнеркәсібін дамытудың өзектілігін көрсеткенін атап өтті.
Президент Қазақстанның KHNP және Doosan Enerbility компанияларымен ядролық технологиялар саласында анағұрлым тығыз ынтымақтастық орнатуға дайын екенін мәлімдеді.