Қазақстан оқушылары шахматтан әлем чемпионатында күміс пен қола жеңіп алды

Ақтауда Шахматтан мектеп командалары арасындағы әлем чемпионаты өтті. Кіші жастағы (12 жасқа дейінгі) топта Velammal MHS Mogappair командасына тең келер қарсылас табылмады. Үндістаннан келген оқушылар барлық сегіз кездесуде жеңіске жетті.

Екінші орын мен күміс медальдар Украинаның Lviv Academic Gymnasium (Львов қ.) командасына бұйырды. Үшінші орынға бірден бес команда таласты, олардың төртеуі Қазақстан намысын қорғаған еді. Қола жүлдегер қосымша көрсеткіштер бойынша анықталды. Нәтижесінде медальдар Астана қаласының Республикалық физика-математика мектебінің Аланбек Жайназаров, Әмір Жүкенов, Мирас Хасенов, Айсұлтан Әнетов есімді оқушыларының қанжығасында кетті. Ересектер тобында (18 жасқа дейін) түркиялық Istanbul ENKA High School командасының шахматшылары турнир аяқталуға бір күн қалғанда алтын медаль алудың қамын жасауда алдына жан салмады. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясы хабарлады.

Алматылық оқушылар айрықша төзімділігі мен жеңіске деген жігерін көрсетті. Чемпионаттың қорытынды күнінің қарсаңында олар жетінші орынға ғана қол жеткізе алған еді. Бірақ 7-ші және 8-ші турдағы екі жеңіс РФМШ командасына (Алматы қ.) командалық ұпайлар бойынша Үндістан командасын қуып жетуге, ал қосымша көрсеткіштер бойынша қарсыластарынан тіпті асып түсіп, күміске қол жеткізуге мүмкіндік берді. КҮміс жүлдегерлер арасында Эдгар Мамедов, Иманғали Ахилбай, Әмір Иген, Зарина Нұрғалиева, Әлихан Дәулет бар. Өз кезегінде үнділік Velammal Vidyalaya Alapakkam (Ченнаи қ.) командасының оқушылары қола медальға ие болды.

Чемпионаттың жабылу салтанаты Каспий теңізінің жағалауындағы Амфитеатрда өтіп, әсерлі отшашумен аяқталды. Ересектер тобында бірінші орын алған Түркия командасының ойыншысы Ишик Джан атап өткендей, чемпионат барлық қатысушылар үшін ғаламат шахмат мерекесіне айналды.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев алдағы уақытта мұндай турнирлер Ақтауда жалғасын табатынына сендірді.

Еске салайық, чемпионат 4-7 тамыз аралығында өтіп, әлемнің 53 елінен 400-ден астам мектеп оқушыларының басын қосқан еді. Шараны Халықаралық және Қазақстан Шахмат Федерациялары ұйымдастырды. Бас серіктес және бас демеуші «Freedom Holding Corp» болды. Шара Маңғыстау облысы әкімдігінің, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті.

Қазақстан Астана
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: