Біріншіліктің екінші күніндегі ерлер бәсекесінде Маңғыстау облысының қос спортшысы – Асқар Нарқұлов (73 кг) пен Мейірлан Максим (81 кг) жеңіс тұғырына көтерілсе, әйелдер арасында Ақтөбе облысының өкілі Бақыт Құсақбаева (57 кг), Атырау облысының спортшысы Эсмигул Куюлова (63 кг) және Алматы облысының балуаны Екатерина Токарева (70 кг) өз салмақ дәрежелерінде жеңімпаз атанды.
Жарыстың марапаттау рәсіміне Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Дзюдодан Қазақстан чемпионатына еліміздің барлық өңірінен келген 463 спортшы қатысып жатыр.
"Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының "Отандық спортта әділ бәсекелестік қағидатын орнату керек" деген тапсырмасына сай, биылғы чемпионатқа шетелден арнайы 3 тәуелсіз төреші шақыртылды. Чемпионат қорытындысы бойынша дзюдодан 2024 жылғы ұлттық құрама жасақталады. Барлық спортшыға сайыста сәтті өнер көрсетуіне шын жүректен тілектеспін! Байрақты бәсекеде ең мықтылар жеңіске жетеді деп сенемін", - деді Ермек Маржықпаев.
Жарыс 15 қарашаға дейін жалғасады.