Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемені арттырудың шекті деңгейін бағалады
Фото: pixabay
Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов 2026 жылғы 23 қаңтарда өткен брифингте инфляциямен күрес барысында базалық мөлшерлемені ең жоғары қай деңгейге дейін көтеруге болатыны жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, Ұлттық банк үшін базалық мөлшерлемені арттырудың нақты белгіленген шегі жоқ.
"Сұрақты түсінемін және түсіндіріп өткім келеді: кез келген құралдың өз тиімділік шегі болады. Біз бұл құралдың мүмкіндіктерін жақсы білеміз. Осы мақсатта бізде талдамалық база мен модельдер жиынтығы бар, солардың көмегімен базалық мөлшерлеменің әртүрлі деңгейде қаншалықты тиімді екенін тексереміз. Сондықтан қазіргі деңгей соңғы кезең үшін ең оңтайлы деуге болады. Менің ойымша, ол ең жоғары шекке өте жақын", – деді ол.
Сонымен бірге, Ұлттық банк төрағасы экономиканың күтпеген жағдайларға тап болуы мүмкін екенін, әсіресе сыртқы ортадағы сын-қатерлерді ескеру қажет екенін атап өтті.
"Біз түрлі даму сценарийлеріне дайын болуымыз керек. Қазіргі уақытта қолданыстағы мөлшерлеме алдағы бір жылда қалыптасатын немесе болжам бойынша қалыптасуы мүмкін макроэкономикалық, микроэкономикалық, нарықтық және өзге де негізгі көрсеткіштерге сәйкес келеді деп есептейміз", – деп түйіндеді Тимур Сүлейменов.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 18 пайыз деңгейінде, ±1 пайыздық тармақ дәлізімен белгілеу туралы шешім қабылдаған болатын.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript