Қазақстанда жылдық инфляция төртінші ай қатарынан төмендеп келеді
Фото: pexels
Ресми деректерге сәйкес, бір ай ішінде көкөністер мен азық-түліктің жекелеген түрлері арзандаған.
Атап айтқанда, пияздың бағасы 20,7%, лимон – 13,9%, сәбіз – 13,6%, картоп – 13,4%, баклажан – 11,2%, қырыққабат – 10,1%, тәтті бұрыш – 6,5%, алма – 5,3%, алмұрт – 2,4%, сарымсақ – 1,3%, банан – 0,7% төмендеді. Сондай-ақ балалар тағамына арналған ботқалардың бағасы 6,1% және құмшекердің бағасы 1,3%, төмендеді.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде қол кремінің бағасы 6,9%, балалар жаялықтары – 6,6%, теледидар – 5,6%, ыдыс жуатын машиналар мен қысқа толқынды пештер – 1,8%, душқа арналған гель – 1,4% төмендеді.
2026 жылғы қыркүйекте жылдық мәндегі инфляция 9,3% құрады (2026 жылғы тамызда – 9,8%). Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 11,0%, ақылы қызметтер – 8,9%, азық-түлік тауарлары – 8,5% өсті.
2025 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда жеміс-көкөніс өнімдерінің жекелеген түрлерінің бағасының төмендеуі жалғасты. Атап айтқанда, алманың бағасы 11,1%, лимон – 8,3%, қызылша – 6,9%, қырыққабат – 6,1%, банан – 5,6%, тәтті бұрыш – 3,9% төмендеді.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде 2025 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда автомобильдердің бағасы 11,3%, электр жылытқыштар – 9,1%, кондиционерлер – 8,7%, электр еттартқыштар – 5,6%, балалар конструкторлары – 2,6%, медициналық маскалар – 1,7% төмендеді.
Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі. Бақылау барлығы 537 позиция бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің тарифтері мен бағаларына жүргізіледі. Инфляция бойынша динамикалық өзгерістерді 2018 жылдан бастап көрсеткіштер қамтылған арнайы әзірленген интерактивті дашбордтан көруге болады.
Бұған дейін ведомство 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстан халқының санын жариялаған еді.