Атырауда биыл үй жануарларының қатысуымен 100-ден астам ЖКО тіркелген
Олардың көбі қала сыртындағы тас жолдарда болып отыр. Мәселен, 11 қазан күні сағат 23:50 шамасында республикалық маңызы бар Ақтөбе – Атырау – Астрахань тас жолының 577 шақырым тұсында Lada Largus автокөлігі жылқы малын қағып, жол-көлік оқиғасы болған. Салдарынан жүргізушісі және жолаушысы әртүрлі дене жарақатын алып, облыстық ауруханаға жеткізілді.
Үй жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі түнгі уақытта болған. Себебі тәуліктің қараңғы уақытында бір-біріне қарсы жүрген автокөлік жүргізушілері алыс жарық фарын өзіне қарсы жүріп келе жатқан автокөлік әбден жақындағанша өшірмеу салдарынан жүргізушінің көзі фарға шағылысып, жол үстінен өткен малды көрмей соқтығысып жатады.
Бұл оқиғада жүргізуші мал айдау жол белгісі бар аумақта мал айдаушы бақташы болған кезде үй жануарын қағатын болса, онда кінә жүргізушіге артылады, ал мал айдау жол белгісінен тыс жерде және мал айдаушы болмаған жағдайда жауапкершілік үй жануарының иесіне артылады.
Айта кетейік, жыл басынан бері иесіз мал жайылымының алдын алу мақсатында ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша 583 тұлға жауапкершілікке тартылды.