Израиль әскері Газа секторының орталығына қарай жылжыды
The Guardian басылымының 30 қазанда таратқан ақпаратына сай, танктердің қолдауымен ЦАХАЛ жаяу әскері Газа секторының солтүстігінде Хамас содырларымен соғысып жатыр. Израиль армиясы құрлықтағы әскери операциясын кеңейтіп, Газаның орталығына қарай жылжып, оны қоршауға алуда.
Хамас өкілдері Израиль күштерімен "ауыр шайқас" жүріп жатқанын растады. Қақтығыстар Палестина анклавының оңтүстігіндегі Хан-Юнис қаласының маңында да болды. Израиль танктері батыс жағалаудан Газа секторының орталығына қарай жылжыды.
Израиль тағы да Газа тұрғындарын оңтүстікке қарай эвакуациялануға шақырды және ХАМАС-ты медициналық мекемелердің жанында командалық орталықтар құрды деп айыптады. Сондай-ақ Израиль тарапы 14 мыңға жуық адам жатқан әл-Құдс ауруханасын бір аптада екінші рет тез арада эвакуациялауға шақырды. Палестина Қызыл Жарты Айы әл-Құдстан науқастарды тасымалдаудан бас тартты, өйткені эвакуация кезінде көбі аман қалмайды.
Соңғы мәліметтер бойынша, палестиналық содырлардың Израильге жасаған шабуылы нәтижесінде 1,4 мың адам қаза тапты, Газа секторында израильдік әскерилердің жауап әрекеттерінен болған шығын 8 мыңнан асты.
Палестиналық Хамас содырлары 7 қазанда Израильге шабуыл жасады. Олар бірнеше шекаралық елді мекендерді басып алып, жүздеген адамды өлтіріп, адамдарды кепілге алды. Израиль қорғаныс күштері содырларды өз аумағынан қуып шығып, Газа секторына күшті соққы беріп, оны қоршауға алды. Палестиналықтар мен Израиль арасындағы бірнеше ондаған жылдар бойы жалғасып келе жатқан қақтығыстың кезекті шиеленісуі барлық уақыттағы ең қанды оқиғаға айналды. Қоршауда қалған Газа секторындағы гуманитарлық жағдай апатты жағдайға жақын.