Алматыда Байзақов көшесінің учаскесінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі
"Dauren Build" ЖШС мердігер ұйымы 2023 жылдың тамызында Байзақов көшесінің Гоголь көшесінен Райымбек даңғылына дейінгі учаскесінде жол жабындысының беткі қабатын алып тастағанымен, жаңа жол жабындысының жоғары қабатын төсемеген.
Жол жөндеу жұмыстары тапсырыс берушінің келісімінсіз 20 күннен астам тоқтатылған.
Тапсырыс беруші тарапынан жұмыстарды жалғастыру туралы бірнеше ескерту жіберілген болатын. Алайда мердігер ұйым өз жұмысын тек қазан айында жалғастыра бастады. Сонымен қатар техникалық қадағалау қызметі жұмыс сапасына қатысты бірқатар ескертулер жасаған. Бірақ ақаулар күні бүгінге дейін түзетілмеген.
Сондықтан "Dauren Build" ЖШС- мен жасалған келісім шарт бұзылып, материалдар сотқа жіберілді.
"Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында орташа жөндеу жұмыстарын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бірнеше мердігер ұйым бірігіп жүргізетін болады." Алматының қалалық мобильділік басқармасы