Жаңалықтар тізбегі
0

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің мақсаты дінаралық және этносаралық татулықты дамыту

Астанада бейбітшіліктің жолын іздеу – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің үлгісі , сурет - Zakon.kz жаңалық 20.09.2024 10:31 Сурет: Zakon.kz
Дін өзінің табиғатынан өміршеңдікке ұмтылады. Оның тереңінде таным, пайым мен парасат жатыр, дейді Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы Әдістемелік жұмыс және жинақтау департаментінің Бас сарапшысы Руслан Ибраев, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сарапшысы Руслан Ибраевтың мәліметінше, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің үлгісі Астанада бейбітшіліктің жолын іздеу. Себебі дін – ақиқаттан бастау алып, адамзатты тұрақтылыққа, бейбітшілік пен қоршаған ортамен үйлесімділікке шақырады

"Ислам, христиандық, буддизм секілді әлемдік діндердің негізінде сол діндерді қалыптастырған пайғамбарлардың мейірімділікке толы үндеулері жатыр. Будданың ізгілікке толы болмысы, Иса пайғамбардың мейірімділігі және Мұхаммед пайғамбардың адамсүйгіштігі – діндердің шынайы табиғатын айғақтайтын көріністер." Руслан Ибраев, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы Әдістемелік жұмыс және жинақтау департаментінің Бас сарапшысы

Алайда, діннің ізгі бастаулары ортағасырларда көп бұрмаланды. Түрлі кері пиғылды күштер қақтығыстарда, мағынасыз қантөгістерде дінге сенушілерді өз мүдделері үшін қолданды. Аталған үрдіс ортағасырлармен шектелмей, ХХ-ХХІ ғасырға дейін жалғасты. Сондықтан жаңа мыңжылдықтың басында әлем терроризм, экстремизм және діни радикализм секілді қауіпті үрдістермен бетпе-бет қалды. Бұл үрдістер жаһандық деңгейде саясат пен қауіпсіздікке қауіп төндіріп, бүтін мемлекеттер мен халықтар оның зардабын шекті, деп ойын білдірді Ибраев.

"2001 жылы Нью-Йорк қаласындағы Дүниежүзілік сауда орталығына жасалған террорлық акт әлемді дүр сілкіндірді. Бұл қайғылы оқиғаны көп ұзамай елімізге ресми іссапармен келген Папа Иоанн Павел ІІ сынға алды. Әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту үшін дінаралық және өркениетаралық диалогтың қажеттігін түсінген сол кездегі Қазақстан билігі Астанада дін көшбасшыларын бір үстел басында жинап, жаһандық қауіпсіздікке қауіп төндіретін осындай құбылыстарға бірге қарсы тұру идеясын ұсынды. 2003 жылы Қазақстан бұл бастаманы жүзеге асырып, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алғашқы Съезін ұйымдастырды." Руслан Ибраев

Сарапшының пікірінше, бұл маңызды бастаманың Еуразия құрлығының жүрегі – Астана қаласында ұйымдастырылуы кездейсоқ емес еді. Өйткені, қазақ сахарасы қашаннан түрлі мәдениеттердің тоғысқан мекені болып табылады. Сонымен қоса ол төрт негізгі өркениеттермен, яғни, солтүстік-батысында Еуропа, шығысында – Қытай, оңтүстігінде – Үндістан, ал оңтүстік-батысында – Ислам өркениеттерімен көршілес жатыр. Сондықтан, сан ғасырлар бойы бұл кең сахара даналықтың аймағына айналып, түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің құнды идеялары мен танымдарын бойына сіңіріп келеді. Диалогтан даналық туындайтынын ескерсек, оның кейіннен өзара құрметке алып келетінін де айту маңызды. Бұл құрмет, түптеп келгенде, бейбіт қатар өмір сүрудің мызғымас іргетасын құрайды.

"Қазақ даласы бойына сіңірген бейбіт қатар өмір сүру, өзара құрмет пен өзара пікір алмасу және диалогқа түсудің үлгісі Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезінде насихатталып, жаһанға таныстырылуда. Осылайша қазақ халқы әлемге өзінің бойына біткен төзімділік пен қонақжайлылық қасиеттерін жаюда. Елімізге келіп, қонақ болған дін көшбасшылары Қазақстанның осы тәжірибесін мойындап, оны әлемге паш етуде. Бұл еліміздің әлемдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосқан үлесі болып табылады." Руслан Ибраев

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінде сөйлеген сөзінде әлемдегі бейбітшілік пен үйлесімділікті нығайтудағы діндердің ерекше рөлін айта келе, қазіргі күрделі кезеңде дінбасылардың бір үстел басында жиналып, ортақ шешімдерді іздеуінің маңызын нақты белгілеген болатын.

Осы тұрғыда, бір диалог алаңында күш жұмылдыру – тек ортақ келісім іздеу емес, сонымен қатар бір-бірінен үйрену және бірін-бірі байыту болып табылады. Үйрену – адамзаттың рухани және мәдени дамуының іргетасын құрайды.

"Мысалға, әрбір өркениет пен дін өз ерекшеліктерімен дараланып, адам болмысының түрлі қырлары мен тереңдігін аша білген. Үнді түбегінен шыққан діндер мен мәдениеттер физиология мен медицинаға ерекше назар аударып, йога, медитация сияқты тәжірибелерді бүкіл әлемге таратты. Қытай өркениеті этика мен тәртіпке баса назар аударып, үлкен жетістіктерге жетті. Өз кезегінде Батыс өркениеті адамның өмірлік миссиясын табуды басты орынға қойса, Шығыс өркениеті даналық пен адамның жан дүниесіне терең үңілуге мән берді. Бұл дәстүрлердің көбісі қазақ дүниетанымында, оның дәстүрлі діни көзқарасында, тарих тереңінде жатқан рухани болмысында көрініс тапты." Руслан Ибраев

Бүгінгі таңда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съездері діннің жаңа дәуірдегі рөлін анықтайтын, адамзат болашағына бейбітшілік пен тұрақтылық әкелудің жолын іздейтін алаңға айналды. Мұнда дін лидерлері бейбіт қатар өмір сүрудің қаншалықты маңызды екенін көрсетіп қана қоймай, оны қалай сақтау керектігіне қатысты даналықтарымен бөлісуде. Өзара түсіністік пен құрметке негізделген бұл диалог адамзаттың тұрақты дамуына үлес қосып, бейбіт қатар өмір сүрудің құндылығын әлемге паш етуді жалғастырмақ, — деп ойын жеткізді Руслан Ибраев.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: