Қазақстандағы баға өсімі туралы ақпарат жарияланды
2024 жылғы қарашада тұтыну бағаларының айлық индексі алдыңғы айдағыдай 0,9% құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы – 1,1%, ақылы қызметтер – 0,8%, азық-түлік емес тауарлар 0,7% жоғарылады.
Азық-түліктен қияр бағасы – 40,3%, қызанақ – 37,3%, тәтті бұрыш – 15,5%, басты пияз – 13,9%, сарымсақ – 10,1%, қырыққабат – 8,9%, картоп – 6,2%, апельсин – 4,8%, лимон – 4,1%, күнбағыс майы 4% өсті. Бағаның төмендеуі күрішке – 2%, қантқа – 1,9%, алмаға 0,7% байқалды.
Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер суық суға – 11,4%, электр энергиясына – 3,4%, қоқыс шығаруға – 2,2%, орталықтан жылытуға 2,1% жоғарылады. Шинамонтаж қызметтері 3%, монша қызметтері – 2,6%, шаштараз бен сұлулық салондарының қызметтері 1,2% қымбаттады.
"Ағымдағы жылдың қараша айында бағаның өсуі отынға – 1,4%, тас көмірге 1% байқалды. Смартфон – 9,8%, алтыннан жасалған неке жүзігі – 6,2%, киім және аяқкиім 0,9% қымбаттады", — деп жазды Ұлттық статистика бюросы.
Өңірлердің ішінде ең жоғары айлық инфляция Қарағанды облысында – 1,5% (орташа республикалық деңгейден 0,6 п.т. жоғары), ең төменгі – Алматы қаласында 0,4% тіркелді.
Өңірлер бөлінісінде ең жоғары азық-түлік тауарларының бағалары Шымкент қаласында – 2%, азық-түлік емес тауарларына – Маңғыстау облысында 2,3%, ақылы қызметтерге – Алматы облысында 2,6% өсті.
2024 жылғы қарашада жылдық мәнде инфляция деңгейі 8,4% құрады. Ақылы қызметтердің бағасы – 13,3%, азық-түлік емес тауарлардың бағасы – 8%, азық-түлік тауарларының бағасы 5,4% жоғарылады.
2023 жылғы қарашасымен салыстырғанда тарифтер суық суға – 43,1%, су бұруға – 25,7%, электр энергиясына, ыстық суға – 21,7%-дан, орталықтан жылытуға – 17,5%, қоқыс шығаруға 10,3% жоғарылады. Теміржол билеттері 24,5%, кешенді демалыстарды ұйымдастыру – 22,3%, стоматология қызметтері 12,8% қымбаттады. Ноутбуктың бағасы – 65%, ас үй пеші 40,8% өсті. Бағаның өсуі ацетилсалицил қышқылына – 27,6%, канефронға – 24%, корвалолға – 21,9%, ацикловирге 19,6% байқалды. Картоп – 28,2%, қияр – 25,9%, қызанақ – 25,5%, зәйтүн майы – 23,3%, тәтті бұрыш – 19,8%, сарымсақ 18,4% қымбаттады. Керісінше, жылдық мәнде қарақұмық жармасы – 21,6%, сәбіз – 10,2%, лимон – 8,9%, қырыққабат – 8,5%, күнбағыс майы 5,3% арзандады.
Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі. Бақылаулар қызметтер мен тауарлардың тарифтері мен бағалары – барлығы 508 позиция бойынша жүргізіледі. Инфляция бойынша динамикалық өзгерістерді 2018 жылдан бастап көрсеткіштер қамтылған арнайы әзірленген интерактивті дашбордта көруге болады.
2024 жылғы қаңтардан бастап тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық–түлік тауарларының үлесі – 42,0%, азық-түлік емес тауарлар – 29,8%, ақылы қызметтер 28,2% құрады.
2024 жылғы 29 қарашада Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басшысы Тимур Сүлейменов қазан айында инфляция Ұлттық банк белгілеген 5 пайыздық межеден айтарлықтай жоғары болып, үдей түскенін айтты. Оның айтуынша, бағаның өсуі ішкі және сыртқы факторлардың әсерінен жеделдеуде. Сонымен қатар, тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге тарифтердің өсуі, тұтынушылық сұраныстың жоғарылауы, теңгенің әлсіреуі және инфляциялық күтулердің артуы ел экономикасындағы бағаларға қысым жасауды жалғастыруда.