Елімізде қызылша мен көкжөтел жұқтырғандар көбейді

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы үш айда елімізде 1089 адам қызылша жұқтырған. Оның 900-і 14 жасқа дейінгі екпе алмаған балалар. Дәрігерлер инфекцияның таралып кетуінен қауіптенеді. Өйткені, қызылша ауа арқылы жұғады.
Дәрігерлер қызылшаның таралуын тыю үшін екпе алу керек дейді. Вакцина балаға 1 жасында, ал ревакцинация 6 жасында егіліп, ағзада вирусқа қарсы иммунитет қалыптастыруға септеседі. Ал екпе алмаған балаға инфекция жұқса, салдары қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін, деп жазады qazaqstan.tv.
"Бұл аурудың арнайы спецификалық емі, дәрісі жоқ. Қызылша ауруы асқынған жағдайда, асқынуы сирек кездеседі бірақ, кездескен кезде мидың қабынуы, бірнеше айдан кейін мидың кішірейіп солуына және өлімге соқтыратын ең ауыр түрде өтетін асқынуы. Бұдан кейін пневмонияға шалдығып, өлім-жітім жағдайына әкелуі мүмкін." Нұршай Әзімбаева, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы
Қызылшамен қатар қазір көкжөтел ауруы да кеңінен таралып жатыр. Қауіпті инфекция көбіне жасқа толмаған сәбилерде кездеседі. Салдары өте ауыр. Жұқтырған жағдайда мидың инсультіне немесе миға оттегі жетіспеушілігіне жеткізеді. Бұл қан тамырлардың қысылып, баланың қалыпты дамуына үлкен кедергісін тигізеді екен. Дерттің алдын алу үшін балаға 3 айлық кезінде екпе салғызу керек. Дегенмен вакцинаға қарсы ата-аналар көп.
Вакцинадан қауіптенгендерден өзге діни жоралғыларға сеніп салдырмайтындар да бар. Алайда мүфтият өкілдері былай дейді.
"Екпе салуға болады. Пәтуада үш нәрсе айтылады. Ең бірінші екпе салу рұқсат дүние. Шариғат бойынша рұқсат. Екінші құрамы таза болуы керек. Үшінші ол адам ағзасына зиян болмауы керек. Осы шарттар табылып жатса, демек екпе салу әр адамның еркінде. Шариғат бойынша тыйым салынбаған." Елбек Тасболатұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімінің маманы
Былтыр елдегі қызылша жұқтырған 28 мың адамның да 90 пайызы осы екпе алмаған балалар. Ал қауіпті инфекцияның бірі көкжөтелді жұқтырған 98 пайыз балалардың ата-анасы да вакцина салдырмаған. Ең өкініштісі, екпе алмай, ауыр дертті жұқтырғандар арасында көз жұмғандар бар.