Аттракциондардың қауіпсіздігіне кім жауапты

Саябақтардағы аттракциондардың қауіпсіздігіне кім жауап береді, сурет - Zakon.kz жаңалық 17.04.2025 09:14 Сурет: pixabay
Алдымен аттракциондағы адам жанын түршіктірген оқыс оқиғаларға оралсақ. Осыдан 3 жыл бұрын қарағандылық 33 жастағы әйел 25 метр биіктіктен беліне арқан байлап секіріп, мерт болды. Ал 2021 жылы Шымкентте шыр көбелек айналған әткеншекке мінген 55 жастағы азаматтың жүрегі тоқтап қалды.

Жақында Алматыда да алып аттракцион істен шығып, 30 шақты адам көкте 20 минуттай тұрып қалған. Ал бұл "ромашка" деп аталатын құрылғының істеп тұрғанына 30 жыл болған.

"Көктемде, яғни маусым басталмас бұрын жыл сайын "КазСтройДиагностика" компаниясын шақырамыз. Олар барлық аттракциондарды тексереді. Мейлі ол экстремалды, балаларға арналған немесе отбасылық болсын. Мына "Ромашка" аттракционын 1998 жылы қойылған. Биыл күрделі жөндеуден өтті." Павел Рудаков, ойын-сауық саябағының аға инженері

Соңғы 5 жылда ешқандай тұлға аттракционға сертификат алмаған. Яғни еліміздегі ойын техникасының ең жаңасының өзі біршама уақыттан бері қолданыста. 2019 жылы Сауда және интеграция министрлігі экстрималды ойын техникасына арналған ұлттық стандартты бекітті. Ереже бойынша ойын алаңдарындағы қауіпсіздікті бақылау сол аумақтағы атқарушы билікке жүктелген, деп жазады qazaqstan.tv.

Қандай күтім болса да, темірді тот басады. Тозады. Сондықтан апта сайын, тым болмағанда айына бір, қадағалау қажет дейді тұрғындар.

Ойын-сауық алаңыдағы қауіпсіздікті күшейту керек. Себебі мұндай ойын алаңдарындағы техникаларды жіті бақылап, жүйелі түрде тексеру жүргізетін арнайы мекеме елде атымен жоқ, дейді сарапшы.

"Бүгінгі күні біздің кәсіпкерлерді саналы деп айта алмайсың. Жаз келсе болды, қайтсе де мына екі-үш айдың арасында ақша табуды көздейді. Қытайдың анау резеңкесі өте қауіпті, батуттарын әкеледі. Біздің елде қолданып жатқан аттракциондардың 80 пайызы шетелде сызып тастаған, қолданбайтын аттракционды сатып алады." Тұрсын Жағыпарова, Қазақстан тұтынушылары республикалық қауымдастығы төрағасының орынбасары

Елордадағы аттракциондар әлі іске қосылмады. Алдағы аптада күн жылынса, кәсіпкерлердің саудасы қызатыны сөзсіз. Бірақ қызыққа құмартып адреналин сыйлайтын ойын құрылғысына асықпағаныңыз абзал, дейді мамандар. Өйткені, сауық құрам дегендерді қауіп күтіп тұрмасына кім кепіл.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: