Ақтауда Қазақстан мен Әзербайжанның "Каспий самалы-2025" әскери-теңіз жаттығулары аяқталды
Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігі
Оған Әскери-теңіз күштерінің қолбасшылығы мен екі елдің әскери қызметшілері қатысты.
"Бүгін біз Қазақстан мен Әзербайжан Әскери-теңіз күштері өткізген "Каспий самалы" бірлескен әскери-теңіз оқу-жаттығуының сәтті аяқталғанын салтанатты түрде атап өтеміз. 2015 жылдан бастап біз тұрақты және нәтижелі ынтымақтастықты дамытып келеміз. Оқу-жаттығулар екі ел арасындағы жауынгерлік дайындық пен бауырластық байланыстардың тағы бір дәлелі болды. Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы достық пен өзара іс-қимыл жыл сайын нығая берсін", – деді оқу-жаттығудың жетекшісі Қазақстан Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары 1 дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков.

Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігі
Жаттығу қорытындысы бойынша екі елдің үздік әскери теңізшілеріге құрметті кубоктар табысталды.
Бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды ұйымдастырудың жоғары деңгейі, оқу-жаттығуларды дайындауға және өткізуге қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар әскери қызметшілер Қазақстан Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының атынан грамоталармен марапатталды.

Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігі
Каспий теңізінің қазақстандық секторында үш жүзге жуық әскери теңізшінің қатысуымен бірлескен оқу-жаттығулар өткенін еске саламыз.
Қазақстан тарапынан маневрлерге "Орал", "Сарыарқа", "Маңғыстау" зымыран-артиллериялық кемелері, жауынгерлік қайықтар, гидрографиялық кемелер және ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің авиациясы тартылды. Әзербайжан Әскери-теңіз күштерінен "G-122", "G-124" және "G-129" күзет кемелері қатысты.

Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігі
Оқу-жаттығу барысында әскери теңізшілер бірлескен маневр жасау элементтерін, іздестіру-құтқаруды қамтамасыз ету және қорғалмаған рейдте асимметриялық қатерлерді тойтару мәселелерін пысықтады.
Диверсияға қарсы қамтамасыз ету мен әуе шабуылына қарсы қорғанысты ұйымдастыруға ерекше назар аударылды.

Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігі
Екі елдің кеме экипаждарының жеке құрамы теңіз, әуе нысандары бойынша атыс жүргізу және жүзбелі миналарды жоюды пысықтады.