Астанада бірнеше аудандағы тұрғын үйлер сүріледі
Фото: Zakon.kz
Таяуда Президент елорда мен республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселесіне түзету енгізу туралы заңға қол қойды. Құжатта 11 кодекс пен 47 заңға өзгерістер енгізу көзделген. Әсіресе Астананың жасыл белдеуін сақтау, жерді дұрыс пайдалану, қалалық инфрақұрылымның қолжетімділігі мен сыртқы келбеті яғни, дизайн-кодқа бас мән бірілген. Осыған орай қазір бас қаланың 2035 жылға арналған бас жоспары әзірленіп жатыр, деп жазады qazaqstan.tv.
Агро қалашық, Шұбар кенті және қаланың қақ ортасындағы кейбір нысандарды сүріп, орнына жаңа баспана мен әлеуметтік нысындар салынады. Дегенмен тұрғындардың пікірі ескеріледі. Сондықтан елорданың сәулет құрылысына түзетулер енгізу ісі қоғамның талқысына түсті.
"Қазіргі таңда қоғамдық талқылау өтіп жатыр. 14-шілде күні басталды. 15-шілде де 30 адам келсе, кеше 1653 сұрақпен 630 адам келді. Бүгін түске дейін 29 адам келді. Әртүрлі саябақтар салынатынына, жолдардың қалай дамитынына және ЛРТ қалай салынатыны сияқты көптеген сұрақтар қойылып жатыр. Сондай-ақ өздерінің жер телімінің тағдыры қалай болатынын да сұрап, анықтап жатыр." Гүлдана Әбіш, "Астана бас жоспары" ҒЗЖИ" ЖШС бас маманы
Шұбар мен Агро қалашық тұрғындары үйлерінің сүрілуіне қарсы. Бүгінде қос аумақта 70 мыңнан астам адам тұрып жатыр.
Ал урбанистер Шұбар мен Агро қалашық аумағын жаңғырту керек деп есептейді. Бірі қаланың қақ ортасын, енді бірі шаһар іргесіндегі үлкен аумақты құр бос иемденіп отыр дейді.