Астанада LRT пойызы жүре бастады – жаңа видео мен сынақтардың толық мәліметі
Фото: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
Компанияның мәліметінше, Астанадағы LRT пойыздары толықтай пилотсыз режимде қатынайтын болады.
Сынақ аясында рельстер, станциялар, байланыс желілері, жылжымалы құрам, қауіпсіздік және қозғалысты басқару жүйелері тексеріледі. Сондай-ақ қызметкерлерді дайындау, төтенше жағдайдағы әрекеттерді пысықтау және LRT-ны басқа көлік түрлерімен интеграциялау шаралары қолға алынады.
"LRT GoA4 аппараттық-бағдарламалық кешенімен жабдықталған. Бұл толық автоматтандырылған басқару жүйесі: қозғалыс, арақашықтықты сақтау, аялдау, есіктердің ашылып-жабылуы, депоға кіру мен шығу және жуу жұмыстары операторсыз атқарылады", – деп мәлімдеді компанияда.
Жабдықтар мен инфрақұрылымның кешенді сынақтары кемінде алты ай жалғасады. Алғашқы кезеңде сынақтар №112–113 станциялары аралығында басталады.
"Пойыздар алдымен сағатына 10 шақырым жылдамдықпен жүріп, кейін біртіндеп жылдамдық пен сынақ аймақтары кеңейтіледі. Бұл ең жоғары қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, жолдарды мұқият тексеруге және біртіндеп жобалық параметрлерге шығуға қажет", – делінген хабарламада.
Бірінші кезең:
- сақиналы кабельдік желіні сынау;
- жылжымалы құрам мен инфрақұрылым өлшемдерін бақылау;
- байланыс рельстеріне кернеу беру;
- пойыздарды "суық" және "ыстық" режимде айдап көру, инженерлік желілер дайын болған сайын станцияларға дейінгі учаскелерді біртіндеп кеңейту.
Екінші кезең:
- басқару жүйесінің негізгі функцияларын, соның ішінде радиобайланысты тексеру;
- қозғалыс қауіпсіздігін далалық сынақтан өткізу;
- пойыздар мен платформалық есіктердің өзара әрекеттесуін пысықтау;
- станцияларға автоматты келу және жөнелу жүйесін тексеру;
- сымсыз жүйелерді сигнализациямен біріктіріп сынау;
- электрмен жабдықтау жүйесіне түсетін жүктемені бағалау;
- штаттық және төтенше жағдайларды модельдеу;
- түрлі эксплуатациялық сценарийлерді имитациялау.
Қауіпсіздік мақсатында эстакада мен жолға кіруге қатаң тыйым салынған, өйткені байланыс желісінде 750V жоғары кернеу бар және ол адам өміріне қауіпті.
Айта кетейік, 28 қыркүйекте әлеуметтік желілерде LRT-ның алғашқы іске қосылған сәтінен түсірілген видеолар тараған еді.