Президент: Отандық өнімді қолдау – кәсіпкерлерді ынталандырудың маңызды жолы

Сделано в Казахстане, производство в Казахстане, продукты сделанные в Казахстане, сделано в РК, производство РК, продукты питания, еда, маркет, супермаркет, сурет - Zakon.kz жаңалық 24.10.2025 13:48 Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық патриотизмді қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

Президенттің айтуынша, жасанды интеллект дәуірінде жаңа салалар мен бизнес түрлері пайда болып, бұл ойлы әрі алғыр жастар үшін жарқырай көрінетін мүмкіндік болып отыр. Мемлекет пен қоғам жас таланттарды қолдауға міндетті.

"Азаматтарды экономикалық патриотизм рухында тәрбиелеу – аса маңызды міндет. Басқаша айтқанда, кәсіпкерлердің идеялары мен стартаптарына инвестиция құю, олардың өнімін тұтыну арқылы отандық өндірушілерді қолдау қажет", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміздің ұлттық брендтері – "Made in Qazaqstan" таңбасы сапа мен сенім белгісі болуға тиіс. Отандық тауарларға шетел азаматтарының қызығушылығы артып, компанияларымыз жаһандық нарыққа шығып, кәсібін өрістетіп жатыр. Бұл Қазақстанды қарқынды дамып келе жатқан озық ел ретінде танытуда.

Президент адал кәсіпкерлерді елге шынайы үлес қосатын азаматтар деп атап, оларды қолдауды мемлекет саясатының басымдығы ретінде көрсетті. "Олар табанды еңбекпен көптеген жұмыс орнын ашып, халықтың әл-ауқатын арттыруға үлес қосуда", – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау үшін қосымша шаралар енгізілетінін мәлімдеді.

"Соңғы кезде маған жаңа Салық кодексіне қатысты көптеген өтініш келіп түсті. Мен Премьер-министрге нақты тапсырма бердім. Үкімет арнайы салық режимі бойынша жұмыс істейтін кәсіптердің тізімін бұрынғы қалпында қалдырды. Алдағы уақытта шағын және орта кәсіпті қолдау үшін басқа да шаралар қолданылады", – деді Президент.

Сонымен қатар, Тоқаев экономикалық реформаларға тоқталмау керегін атап өтті.

"Бизнес салық реформасынан зардап шекпеуге тиіс. Ондай жағдайдың алдын алу үшін Үкімет кәсіпкерлермен сындарлы диалог жүргізуі қажет. Дегенмен экономикалық реформаларды мүлде тоқтатуға болмайды, қаншалықты қиын болса да, оң өзгерістерді жүзеге асыруымыз керек. Әйтпесе, бәріміз жаппай құлдырауға ұшырауымыз әбден мүмкін", – деді Президент.

Мемлекет басшысы атап өткендей, тек мемлекет, бизнес және қоғам күш біріктіргенде ғана Әділетті Қазақстанды құруға болады.

"Еліміз еңсесін тіктеді, аяғына нық тұрды. Экономикада оң қарқын байқалады. Халықаралық қаржы институттары тарапынан жоғары несие рейтингіне қол жеткізілуде. Экономика дамуының негізгі көрсеткіші – халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасының артуы. Бұл – менің берік ұстанымым", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: