Қазақстанда оқулықтардың сапасына тексеру басталды
Фото: akorda.kz
ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 2026 жылғы 27 қаңтарда Үкімет брифингінде Қазақстандағы білім беру стандарттары, оқу бағдарламалары және оқулықтардың мазмұны кезең-кезеңімен тексерілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Министрдің айтуынша, Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексеріс барысында оқулықтардың сапасына қатысты бірқатар кемшіліктер анықталған. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі талдау жұмыстарын бастаған.
"Біз барлық білім беру стандарттарын, соның ішінде ТОСО-ны, сондай-ақ барлық үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламаларын талдадық. Себебі оқулықтар дәл осы құжаттар негізінде әзірленеді. Келесі кезең – оқулықтардың өзін апробациядан өткізу және жан-жақты талдау жүргізу. Қателері бар оқулықтар бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Мен "Оқулық" орталығының мамандарымен жеке кездестім, олар маған өз есептерін таныстырды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады, мәселе енді ғана көтеріліп отыр", – деді министр.
Оның айтуынша, алдымен білім беру бағдарламаларының мазмұнына талдау жасалып, соның ішінде үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламалары тексерілген.
"Келесі кезең – оқулықтар мазмұнының сапасы. Сондықтан алдағы кездесуде "Өзін-өзі тану" оқулығына және қателіктер анықталған басқа да оқулықтарға қатысты сіздерге толық ақпарат бере аламыз деп ойлаймын", – деп толықтырды Жұлдыз Сүлейменова.
Бұған дейін Қазақстан мектептерінде электронды күнделіктерді қағаз нұсқамен алмастыру мәселесі қаралып жатқаны белгілі болған еді.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript