Алматыда полицейлер мопед иелерін көлік құралдарын тіркеуден өткізуге шақырады
Фото: pexels
Қала полициясы іштен жанатын қозғалтқышпен де, электр қозғалтқышымен де жабдықталған барлық мопедтер белгіленген тәртіпке сәйкес міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс екенін ескертеді.
Мопедті тіркеу үшін иелері тұрғылықты жері бойынша мамандандырылған ХҚКО-ға жүгініп, келесі құжаттарды ұсынуы қажет:
- жеке басты куәландыратын құжат;
- мопедтің техникалық құжаты немесе техникалық сипаттамалары туралы мәлімет;
- есепке қою туралы өтініш;
- көлік құралын тексеру актісі;
- мемлекеттік баж салығының төленгені туралы түбіртек.
Тіркеу рәсімінің қорытындысы бойынша иесіне мемлекеттік тіркеу нөмірі мен техникалық паспорт беріледі. Сонымен қатар міндетті сақтандыру полисі рәсімделуі қажет.
Ведомство өкілдері тіркелмеген мопедтерді пайдалану қолданыстағы заңнама талаптарын бұзу болып саналатынын және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын атап өтті.
Сондай-ақ мопедті басқаруға тек A1 санатындағы жүргізуші куәлігі болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Тиісті жүргізуші куәлігінсіз және мемлекеттік тіркеусіз көлік құралын пайдалануға тыйым салынады.
Полиция мопед иелерін тіркеу рәсімін кейінге қалдырмай, көлік құралдарын заң талаптарына сәйкестендіруге шақырады.
"Мопедтер — жол қозғалысының толыққанды қатысушылары. Сондықтан оларға да заң аясында тиісті талаптар қойылады. Тіркеу — жай ғана формалдылық емес, бұл жүргізушілер мен өзге де жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шара. Белгіленген талаптарды елемеу жауапкершілікке, тіпті көлік құралын пайдалануға тыйым салуға дейін алып келеді", — деді Алматы қаласы ПД әкімшілік імшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев.