2026 жылы жоғары оқу орындарына қабылдау мерзімі мен тәртібі белгілі болды
Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
Ұлттық тестілеу орталығы 2026–2027 оқу жылына арналған талапкерлер күнтізбесін жариялады. Осылайша, жоғары оқу орындарына түсуге арналған қабылдау науқанының нақты мерзімдері мен кезеңдері айқындалды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қазіргі уақытта елімізде негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) өтіп жатыр. Ол 10 мамырда басталып, 10 шілдеге дейін жалғасады.
Жоғары оқу орындарына оқуға түсу үшін құжат қабылдау 20 маусымда басталып, 25 тамызда аяқталады.
"Денсаулық сақтау" және "Педагогикалық ғылымдар" бағыттарын таңдаған талапкерлер үшін арнайы емтихандар қарастырылған. Бұл емтихандарға өтініштер 20 маусымнан бастап қабылданады, ал сынақтар 20 тамызға дейін жалғасады.
Білім гранты конкурсына қатысуды жоспарлаған талапкерлер арнайы емтихандарды 20 шілдеге дейін тапсыруы қажет.
Ал шығармашылық мамандықтарға түсушілер үшін мынадай кесте бекітілді:
- шығармашылық емтихандарға өтініш қабылдау – 20 маусымнан 10 тамызға дейін (грантқа үміткерлер үшін – 7 шілдеге дейін);
- шығармашылық емтихандарды өткізу – 7 шілдеден 15 тамызға дейін (грантқа үміткерлер үшін – 20 шілдеге дейін).
Грант конкурсының мерзімдері:
- білім беру гранттарын тағайындау конкурсына өтінімдер 13–20 шілде аралығында қабылданады;
- мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 1-сыныпқа құжат қабылдау басталғаны хабарланған болатын.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript