Жанәбіловтар рақымшылыққа ілігуі мүмкін бе - ІІМ жауап берді
Сурет: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
Журналистер сот үкімі шыққан блогерлердің рақымшылыққа ілінуі мүмкін бе деген сұрақ қойды.
Санжар Әділов бұл сұраққа нақты жауап берді:
"Жанәбіловтар бойынша жауап біржақты: жоқ. Олар рақымшылыққа жатпайды. Оларға қатысты қылмыстық жауапкершіліктен босату түріндегі де, жазаны қысқарту түріндегі де рақымшылық қолданылмайды. Аталған бап бойынша оларға рақымшылық тікелей қолданылмайды", – деді ол.
Айта кетейік, 2026 жылғы 27 сәуірде Астана қаласында блогерлер Ерболат Жанәбылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот үкімі шыққан болатын. Сот шешімімен Ерболат Жанабылов Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы ("Заңсыз кәсіпкерлік") және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы ("Қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге мүлікті заңдастыру") бойынша кінәлі деп танылды. Оған 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, мүлкі тәркіленді. Алайда сот Қылмыстық кодекстің 63-бабы 1-бөлігіне сәйкес жазаны шартты деп танып, пробациялық бақылау белгіледі. Эльмира Төлегенова да осы баптар бойынша кінәлі деп танылып, 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сот шешімімен жазаны өтеу мерзімі 2 жылға кейінге қалдырылып, мүлкі тәркіленді.